Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алексей Цой екпеден кейін қайтыс болғандардың санын жариялады

Қазақстанда вакцина алғаннан кейін 115 адам коронавирустан қайтыс болды. Бұл – жалпы көрсеткіштің 2,3 пайызы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

коронавирус

Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ОКҚ-дағы онлайн брифингте айтты. 

"2021 жылдың ақпаны мен шілдесіне дейінгі кезеңді сараптадық. Коронавирустан барлығы 4 969 адам қайтыс болды. Оның 115-і вакцина салдырған. Яғни бұл – қайтыс болғандардың 2,3 пайызы. Басым бөлігі, яғни 97,7 пайызы вакцина салдырмаған тұрғындар. Вакцина салдырып, кейін қайтыс болған адамдардың созылмалы аурулары болды. Жағдайы нашарлап, қайтыс болуына осы созылмалы аурулары себеп болды", – деді Цой. 

Ол вакцина салдырғаннан кейін қайтыс болған науқастар саны ең көп үш өңірді атады: Нұр-Сұлтанда 32, Шымкентте 27, Алматыда 17 жағдай тіркелген. 

Министрдің айтуынша, екпеден кейін қайтыс болғандарда созылмалы аурулар болған. Соның ішінде қант диабеті, семіздік, жүрек-қан тамыр және тыныс алу жолдарының аурулары бар.

"Созылмалы аурулары бар адамдарға "медотвод" тек аурудың ушығып кеткен кезеңінде ғана беріледі. Ондай адамдарға вакцина алу қажет. Себебі вирустан қайтыс болу қаупі жоғары. Созылмалы ауруы бар адамдарда вакцинадан кейін антиденелер бөлінбеуі де мүмкін. Коронавирустан қайтыс болғандардың басым бөлігі вакцина алмағанын тағы қайталаймын", – деп атап көрсетті Цой.

Цой қай аймақта вакцинадан кейін адамдар қайтыс болғанын да айтты.

  • Ақмола облысы – 2;
  • Ақтөбе облысы – 5;
  • Алматы облысы – 3;
  • Алматы қаласы – 17;
  • Атырау облысы – 1;
  • ШҚО – 1;
  • Жамбыл облысы – 6;
  • БҚО – 4;
  • Қарағанды облысы – 9;
  • Қостанай облысы – 1;
  • Қызылорда облысы – 2;
  • Маңғыстау облысы – 2;
  • Нұр-Сұлтан қаласы – 32;
  • Павлодар облысы – 2;
  • СҚО – 1;
  • Түркістан облысы – 0;
  • Шымкент қаласы – 27.
Талқылау