Міндетті медициналық сақтандырудың арқасында қазақстандықтар ұзақ өмір сүре бастады – Министр
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізудің қазақстандықтардың өміріне оң әсер еткенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Министрдің айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң 2015 жылы қабылданып, жүйенің іске қосылуы 2020 жылы басталған.
"МӘМС жүйесі енгізілгеннен бері денсаулық сақтау саласын қаржыландыру үш есе артты. Оның ішінде МӘМС қаражатының үлесі 0,4 триллион теңгеден 1,3 триллион теңгеге дейін өсті", – деді Әлназарова.
Оның айтуынша, медициналық көмекті қаржыландыру көлемінің ұлғаюы халық үшін медициналық қызметтердің, соның ішінде жоғары технологиялық әрі қымбат диагностикалық қызметтердің қолжетімдігін арттырған.
"Бұл халықтың жалпы өмір сүру ұзақтығының артуына әсер етті. Мәселен, 2021 жылы бұл көрсеткіш 70,2 жас болса, 2023 жылы 75 жасқа дейін өсті. Осылайша, МӘМС жүйесі денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бөлігіне айналды", – деп қорытындылады министр.
Еске салсақ, денсаулық сақтау министрі қызмет көрсетпей МӘМС төлемін алатындарға қатысты бұйрықты қайта қарайтынын айтты.