Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мына қайыршылық қашан тоқтайды?": ШҚО-да жанар-жағармай тапшы

Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім жұрты аудан орталығына жетіп алып, кейін қайта алмай әлек. Олар айдың-күні аманда жанармайдан тапшылық көріп, көрші аудан-ауылдарға канистрларын арқалап баруға мәжбүр екенін айтады. Күзгі науқанның тиегі ағытылып, көпшілік шөп жинай алмай жатқанда жанармайдың жоқтығы талайды тентіретіп жіберді. Тұрғындардың назын Stan.kz тілшісі тыңдады. 

Қаражат бар да, жанармай жоқ

Осыдан бірнеше күн бұрын «Аманат» ауылынан қоңырау шалған оқырманымыз жағдайдың ушығып тұрғанын аудан басшысына жүзбе-жүз айтуға оқталған, тек қабылдау бөліміндегілер еңбек демалысында деген көрінеді. Ал аудан басшысының орынбасарлары мұның барлығын уақытша қиындықтар деп айтып, талап-тілекпен келгендерге басу айтқан.

“Мына қайыршылық қашан тоқтайды, жүйелі әрекет ету деген қайда? 75 шақырым жер жүріп жеткенде, қайта алмай әлекпіз. Ақшамыз бар, бірақ жанармай да, жағармай да жоқ. Амалы қалмаған жұрт Катонқарағай ауданына қарасты Үлкен Нарын ауылына барып жүр. Сол жақтан 30 литрді канистрге құйып беретін көрінеді. Алысқа бармай-ақ, осы Зайсан, Катонқарағай, Самар аудандарын алайық: баға да сол, жанармай жоқшылығы да байқалмайды”, – деді аудан тұрғыны Сайлау Уалиев.

Күршімде сегіз жанармай құю станциясы тіркелген. Соның ішінде істеп тұрғаны – бесеу, үшеуі биыл қаңтар айынан бастап жұмысын тоқтатқан. Бір ғана Күршім тұрғындары емес, Маралды, Алғабас, Ақши және тағы басқа елдімекендерден келіп, қайта алмай қапаланғандар көп. Жанармай неге таусылды деген сауалға аудан әкімдігі бірнеше нұсқамен жауап берді. Соның бірі – Күршім көлемінде ірі мұнай өнімдерін тасымалдаушы компаниялар тіркелмеген.

“Басқа аудандарда ЛНП (Шығыс Жанармай ЖШС), Petro Retail (ҚазМұнайГаз), Шыңғыстау Петрогруп және Әлем Ойл деген жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер жұмыс істеп тұр. Тиімді жерлерге жанармай құю станциялары ашылған. Күршім ауданы арқылы республикалық маңызы бар трасса өтпегендіктен, ауданда ауқымды көлік қозғалысы жоқ. Осыған байланысты ірі жанармай жеткізуші кәсіпорындар Күршім ауданында филиалдарын ашуды тиімсіз деп санайды”, – деді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев.

«Аға, жағдайды түсініп тұрмыз»

Бұл жерде кәсіпкерлердің жанайқайы да бар. Кейбірі 181 теңгеден сатып алып, 182 теңгеден сатып келген. Осыны үздіксіз жалғастырайын десе, әрі қарай жұмыс істеудің жөні жоқтай көрінеді. Себебі 1-2 теңге пайда тауып, кеткен шығынның орнын жабу қиын дейді. Қалай болғанда да зияны халыққа келіп отыр. Шөп шауып, бидай оруға қамданып, бар ақшаларын әмияннан суыра бергенде ЖҚС кассасындағылар бензиннің жоқтығын айтып қара аспанды төндіруде.

“Халықты тапшылық қысып барады. Аудан әкімдігі әлі ешнәрсе істемеді. Күршімде жанармайды Үлкен Нарыннан әкеліп, үйлерінде сататындар бар. Бір литрі – 250-300 теңгеден. Күндіз барсаң, «көлеңкелі бизнестеріне» нұқсат келе ме деп қорқатын сияқты, «сатып алушыларды» тек кешке қабылдайды. Аманат ауылынан жеткенше 120 шақырымнан асады. Мәселе ақшада емес тіпті, қуыстанбай сол бензинді жанармай құю станциясында сатса ғой”, – деді шалғайдан келіп, шарасыз күйге түскен тұрғын.

Сайлау Уалиев қолы жеткендердің талон алып, жұрт көріп жүрген машақатсыз, жанар-жағармайды алаңсыз құйып жүргендерін айтты. Күзгі егістік қызып тұрғанда мұның бұқара жұртқа жетпей, кімдерге берілетіндігінен бейхабар. Көлігі барлар іргелес Зайсан ауданына барып, олжалы қайтатын көрінеді.

“Әкімдіктегілер «Аға, жағдайды түсініп тұрмыз. Тамыздың соңына дейін шыдаңыз, барлығы реттеледі» деп басу айтты. Осылай деп жүргендеріне бір айдан асқан. Мұны депутатқа айттық, ол шешуге қауқарсыз екен. Жоқшылықтан қашан арыламыз”, – дейді ол.

Аудан әкімдігінің тамыз айының соңына дейін күт деулерінің себебі жанар-жағармай жеткізушілерімен байланысты. Анықталғандай, биыл шілдеде Павлодар қаласында мұнай-химиялық зауыты жөндеу жұмысы салдарынан қызметін тоқтатқан.

“Осыған байланысты шілдеден бастап жанар-жағармайды көтерме сатуды жүзеге асыратын мұнай өнімдерінің операторлары АИ-92 бензинінің бағасын литрін 170 теңгеден 180 теңгеге дейін көтерді. Бір литр бензинді 180 теңгеге сатып алу және бензинді жеткізу бағасын қосқанда АИ-92 жанармайын ауданға тасымалдау тиімсіз болды”, – деді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев.

Шектеуден соң шет аудандарға шықты

Осындай келеңсіздіктерден соң жанармай құю станцияларының қожайындары АИ-92 бензинін адам басына тек 10 литрден ғана босатқан. Дегенмен тұрғындар 10 литрді былай қойып, мүлде сатылмай жатқанын жеткізді. Құдды бір сәбиді алдаусырататын сұйықтық –  қойыртпақ қоюға сүт құямыз деп, су араластырып емізгендей дейді. Әкімдік өкілдері тұрғындардың көршілес аудандарға барып жатқандарын жасырмады. Олардың сөзінше,  шектеу болған соң күршімдіктер жоғарыда аталған үш ауданға барып бензин сатып алған.

Қайрат Әзімбаевтың айтуынша, аудан басшылығы тарапынан республика және облыс көлеміндегі мұнай өнімдерін сататын операторлармен күнделікті хабарласып, тапшылық тартқызып отырған жанармайды сатып алу жөнінде келіссөз жүргізілді. Нәтижесінде, «SinOil» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, аудан кәсіпкерлері бір литрін 165 теңге деп бекітіп, ауданға тасымалдап жатқан көрінеді.

 

Дайындаған: Әділхан Есімханов

Талқылау