"Миллиондап ақша алған": Алматыда 40-тан аса адам үйін жөндетемін деп алданып қалды

Фото: depositphotos.com
Алматыда 40-тан аса адам үйін жөндетемін деп алданып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Уәдені үйіп-төккен компанияға олар миллиондап ақша төлеген. Алайда басталған жұмыс сол күйі аяқталмапты. Енді жұрт қаражатын қайтара алмай әлек. Әбден ашынған олар бүгін аудандық прокуратураға барып шағымын жеткізді.
"Бәрін қатырамыз" деген компания өз міндетін толық орындамаған. Алданғандардың бірі – Аида. Жаңа пәтер алған соң, ішін арнайы мамандарға жасатпақ болған. Сөйтіп 5 миллион теңгені алдын ала төлепті. Компания әне-міне деп созбалап, ақыр соңында жұмыстың тек 5 пайызы істелген.
“Бірінші төлемді 9 қыркүйекте жасадым. 2 жарым миллион теңге бердік. Сосын тағы біраз жүріп, 26 қыркүйекте екінші төлемін жасадық. Тура солай, 2 жарым миллион бердік. Екі аптадан кейін үйдің жарығын жүргізді. Сосын техжобасын жасады. Болды, сонымен тоқтады”, – дейді Аида Асықпай.
"MyTaxi" таксопаркіне инвестиция құйған қазақстандықтар 4 миллиард теңгеге алданып қалған
Жиналғандардың алды 14 миллионнан, ең азы 2 жарым миллион теңгесін санап берген. Олардың атйтуынша, арада келісімшарт жасалып, үш айдың ішінде жөндеуді бітіріп береміз деп уәде берген. Жарты жыл ішінде 40-қа жуық тұрғын осылай алданған. Олар компанияға берген жалпы сома 100 млн теңгеден асады.
“Жөндеуге 14 миллион теңгеден астам қаржы бердік. Ақшаны кеңсесіне барып қолма-қол ұстаттық. Кейін олар "доллар көтерілді, материалдар қымбаттады" деп, соны сылтау етті. Жөндеу желтоқсанда басталуы керек еді, алайда қаңтардың соңында басталды. Олар тек барлық бөлмелердің арасына қабырға бөлгіштерді орнатып берді”, – дейді Артур Сүйменбаев.
Компания әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Қазір де тапсырыс алып жатқан көрінеді. Ал тәжірибелі заңгер Ғабит Өмірбеков қазір нарықта мұндай компаниялар көбейгенін айтады.
“Қазір мұндай жағдай көбейіп кетті. Алаяқтар өздерінің іс-әрекетін азаматтық қарым-қатынаста қарау үшін әдейі өтірік келісімшарт жасайды. Сосын толық ақшаны төлеуді талап етеді. Бұндай кезде алданбас үшін, сол компанияның кеңсесіне бару керек. Одан кейін пікірлерін көру керек, буклеттерін, базадан төлеген салықтарын тексеру керек”, – дейді заңгер Ғабит Өмірбеков.
Заңгердің айтуынша, мұндай жағдайда полицияға бірлесіп арыз жазған дұрыс. "Алдандық" деген азаматтар осылай әрекет етіп, қазір алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалыпты.
“Алмалы ауданы полиция бөлімінде қылмыстық іс тіркелді. Істің тергелуі Алмалы ауданы прокуратурасының бақылауында. Қылмыстық процецуалды 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат жарияланбайды”, – деді Алмалы ауданы прокурорының орынбасары Жандос Төлепбергенов.
Қаражатын қайтара алмай жүргендер тергеудің әділ жүргізілгенін қалайды. Сондай-ақ өзгелер де зардап шекпес үшін компанияны жауып тастауды талап етіп отыр.
Еске салсақ, Ақтөбе тұрғыны алаяқтарға алданып, 1,5 миллион теңгесінен айырылған еді.
Қазақстандықтар RAMS Qazaqstan-дағы пәтерлерінен айырылып қаламыз ба деп қорқып отыр: Компания туралы не белгілі