Мейрамбек Бесбаевтың өмірлік ұстанымдары
Мейрамбек Бесбаев – тұтас қазақтың сүйікті әншісі. Ол бала күнінде-ақ халықтың жүрегінен орнын тапқан дара өнерпаз. Мейрамбек БАҚ-қа жиі сұхбат бермейді, әлеуметтік желідегі парақшаларын белсенді түрде жүргізбейді, әртүрлі бағдарламаларға да жиі қатыспайды. Соған қарамастан, оның аузынан шыққан әрбір сөз тыңдармандар үшін бағалы.
Осы орайда el.kz басылымы Мейрамбек Бесбаевтың әр жылдары берген сұхбаттарының негізінде әншінің өмірлік ұстанымдарын жария етті.
Үкіметке емес, халыққа қызмет етіп жүрген әншілердің бірімін.
Бала күнімде «жұлдыздық ауруымен» ауырдым-ау деймін. Өткен күндерде балалық та, шалалық та болды. Ал қазір «жұлдыз» болу, еркелік көрсету деген қасиеттерден аулақпын.
Кейбір журналистерге өкпем бар, әрине. Өйткені айтқан нәрсеңді бұрмалайды.
Өмірдің әр белесінен өтіп, биікке көтерілу бір басқа да, сол биікте тұрақтап қалу – бір басқа. Екіншісінің салмағы ауырлау…
Кішкентайымнан әр түрлі өнер иелерімен араластым, ел көрдім, жер көрдім. Бір сөзбен айтқанда, балалық шағыма айтар шағымым жоқ, өте қызықты өтті.
Басымыздан шуақты да, қиын-қыстау күндер де өтті. Халық бәрінен хабардар. Біз ауырсақ, бірге ауырды…
Мен қаладамын, әке-шешем Алматының іргесіндегі «Жаңа тұрмыс» деген ауылда тұрады. Себебі, мен іссапарда жиі боламын. Бала кезімнен бөлек тұрып, өз бетімше өмір сүруге үйренгенмін. 1989 жылы Алматыға біржолата көшіп келдім десем де болады.
Болдым-толдым деп масаттанудан аулақпыз, қазақ эстрадасының ардагері «Дос-мұқасан» әлі де қазақты әсем әндерімен тамсандырып, 45 жылдығын тойлап жатса, «Тараз» триосы да сахнаның төрінен ән шырқап жатса, Алтынбек Қоразбаев домбырасын күмбірлетіп, қоңыр даусыман ән тербеп тұрса, біздің демалуға хақымыз жоқ.
Өнер – мені жастайымнан қайыспауға, мұқалмауға үйретті.
Санаторийге жатқанда міндетті түрде телефон, интернетті өшірем де, әдеби кітап оқимын.
Кей кездері халқымыз бізді мақтағанда да асыра сілтеп жатады, мұны біз олардың махаббаты деп білеміз. Халықтың махаббатына бөленген біз бақытты әншілерміз.
Күнде сіз бен біз естіп жүрген, елінде байып алып, өмір сүру үшін шетелге тайып тұратын азаматтар барда, елжандылық жоқ.
Ақын достарым бар, олармен бірге жүріп, өзіңнен-өзің ақын болып кетесің кейде… Аз-маз жазып көрдім, бірақ бәрібір ақын болу үшін Құдайдан берілген талант болу керек. Менікі – әуесқойлық.
Қарапайым халық мүддесін ойлап жатқан ешкім жоқ. Билік басындағылардың басым көпшілігі қазақ тілін білмейді. Өз тілін білмегендерден не үміт, не қайыр болады?
Депутат болмай-ақ, кез келген қарапайым адам ұлты үшін жаны ашуы тиіс. Патриот болу үшін депутат болудың қажеті жоқ.
Өмір бойы ән айтып жүремін деп ойламаймын. Келер күннің не әзірлеп тұрғаны бір Құдайға ғана аян. Сондықтан, жас келе эстафета таяқшасын жас әншілерге ұстататын болармыз.
Әзірге ән айтуға қабілетім жетіп тұрғанда, көп нәрсені халыққа әнмен ғана жеткізгім келеді.
Танымал болуды мақсат тұтып, не болса сонымен айналысу – лас тірлік.
Қызыма «Кімнің қызысың?» десең, «Әкемнің қызымын» дейді. «Әкеңнің қандай қызысың?» десең, «Ең тәтті қызымын» дейді.
Қазіргі қазақ эстрадасында менен де мықты жақсы әншілер бар деп ойлаймын.
Ләж болса, тек жақсы жағымнан танылғым келеді. Өйткені, мен де ата-ананың ұлымын, қарындастың ағасымын, баланың әкесімін…
Жіберіп алмаңыз:
Ол Қазақстанда өсе алмайды: Алуа Қонарова Димашқа Қытайда қалуға кеңес берді
Жігер Ауыпбаев дертіне дауа іздеп Түркияға кетті
Қайрат Түнтековтің өз тағдыры жайлы клипі тыңдармандардың жүрегін елжіретті (видео)
Димаш киген киім Қытайда 7 миллион теңгеге сатылды (фото)