Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мейрамбек: Мен шырқаған "Бозторғай" секілді әнді әлі естіген жоқпын

Мейрамбек Бесбаевтің қазіргі жас әншілерге көңілі толмайды. Оның өзіндік себептері бар. Әннен әуен, сөзден мән кеткен уақытқа тұспа-тұс келдік дейді әнші. Бесбаев қазақ өнерінің жетістігі мен кемшілігі жайлы баяндады.

Бұл туралы NUR TILEÝ бағдарламасында айтылды. 

Мейрамбекті ел бала күнінен таниды. Сахнаға "Сағындым Кенен атамды" атты әнмен шыққан бала бүгінде қазақ ән өнерінің королі. "Бозторғай" атты ән шырқаған бала әншіні қазақтың Бозторғайы атап кетті. Бесбаев бүгінгі күнге дейін Бозторғай секілді ән өмірге келмегенін айтады. 

"Бозторғай" өз заманының жоғын жоқтаған, проблемасын айтқан, өзекті тақырыпты жырлаған, халыққа жеткізген, халықтың ойындағысын ашық айтқан ән. Оған ән деп қана емес, үлкен тақырып ретінде де қарауға болады. Сондай қиын тұста, кез келген мәселені ашық айта алмайтын тұста халықпен ән арқылу сөйлесу, жетімдердің, қарагөздеріміздің көбейіп бара жатқанын айтуды мен батырлыққа теңер едім. Әлі күнге дейін ондай ән естіген емеспін", - деді Бесбаев. 

Мейрамбек Бесбаев қазіргі көп әншілердің өнерге кездейсоқ келгенін айтады. Оған интернет үлкен әсер етіп жатқанын мойындайды. 

"Қазіргі әншілер тез танылсам, тойға шықсам, жағдайымды жасап алсам деп ойлайды. Өнер жайлы екінші орында ойлайды. Біз 12 мың адамның ішінен 4 жігіт таптық. Төртеуін шәкірт деп тәрбиеледік. Өкінішке қарай, соның екеуі ғана қалды. Қалған екеуі өз әлемімен кетті. Оларға той қызық, танымалдық қызық. Тезірек сахнаға шығу қызық. Қазіргі жастар солай ойлайды. Сол себепті сахнаға кім көрінген шықты. Талғат Теменовтің бір сөзі бар. "Өзімді шошқа қорада жүргендей сезінемін" деген. Қазіргі жағдай сондай болып тұр Сахнада Роза Рымбаева да ән шырқайды, әні де жоқ, даусы да жоқ әнші де өнер ән айта береді. Өнердің шарттары болуы керек еді. Өкінішке қарай, ол жоқ", - деді өнер иесі. 

Бесбаев әлемдік деңгейге жететін қазақ әні туғанын қалайды. Ол үшін өнердегі достарына талай рет қолқа салған. 

"Мен өнерде жүрген сазгерлерге, Ұлықпан Жолдасовқа, Арман Дүйсенов, Ринат Гайсин сынды кәсіби мамандарға үнемі айтып жүремін. Той әнін емес, әлемдік деңгейге жететін ән керек деп. Бұл ұлттық қажеттілік. Музарт үшін емес, қай әнші орындаса да әлемдік деңгейге жететін ән туғанын қалаймын. Ол қазақ әні болса деген арманым бар", - деді Бесбаев. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 05 Қаңтар, 2021 17:32
Талқылау