"Мейлі, қылмысқа барса да": Таиландта айыпталған қазақстандықтарға көмек беруге қатысты сыртқы істер министрлігі пікір білдірді
Таиландта италиялық азаматты ұрып-соқты деп айыпталып жатқан үш қазақстандық азаматтың оқиғасына қатысты сыртқы істер министрлігі пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бейнесюжеттен скриншот
Таиландтағы жергілікті БАҚ-тың мәлімдеуінше, отандастарымыз ресейлік ММА жұлдызы Хусейн Асхабов пен оның егізі Хасан Асхабовпен бірге шипажайлардың бірінде италиялық азаматтың вилласына басып кірген. Қыр көрсетіп, 155 миллион теңге шамасындағы ақшасын, қымбат сағат, соңғы үлгідегі көзілдірігін және өзге де бағалы бұйымдарын алып кеткен.
Күдіктілердің әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Қарақшылық шабуылды ағайынды Асхабовтардың ұйымдастырғаны айтылуда. Ал қазақстандықтардың анықтау шарасы жүргізілуде дейді.
Дегенмен сыртқы істер министрлігі бұл жағдайдан бейхабар екенін мәлімдеді.
“Таиланд билігінен ресми түрде мұндай ақпаратты алған жоқпыз. Тергеуді сол жағдай болған мемлектетің құқық қорғау органдары жүргізеді. Оған араласуға құқығымыз жоқ. Егер ақпарат расталса, мән-жайды анықтап, отандастарымызға көмектесуге тырысамыз. Мейлі, олар қылмысқа барса да...”, – деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Бұған дейін UFC файтері Қазақстан азаматтарымен бірге Таиландта адам ұрлап, оны азаптады деген күдікке ілінгені хабарланды.