Өзі үйсіз қалды: Мейірімді әже мемлекет берген 3 бірдей пәтерін мұқтаж жандарға сыйлап жіберген
Елге белгілі актриса Айымторы Тайғаринова осы күнге дейін мемлекет тарапынан алған үш бірдей пәтерін зәру жандарға беріп жібергенін айтты. Алайда соңында өзі алаяққа алданып, пәтерінен айырылған. Десе де, ол еш өкінбейді. Өйткені, қазір рухани жан дүниесі мен тілегі бір жандармен бірге, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан арнасының «Ниет» бағдарламасына сілтеме жасап.
Мұнда тұрып жатқанына 7 жыл. Атақты актриса кезінде театр дамуына үлес қосқан. Шымкент қаласында жұмыс істеген. Сол кезде оған мемлекет тарапынан сіңірген еңбегі үшін үш рет үй берілген. Алайда үлкен жүректі апа сол пәтерлерді көмекке зәру жандарға сыйлапты.
«Ол кезде мен бір тиын ақшасыз жәй ғана сыйлық сияқты бердім. Әрине, адам сенгісіз нәрсе. Бірақ сол уақытта Алла тағала маған керемет жақсылығын беріп, маған үй тиіп, басқаларға бердім», - дейді қария.
Талант иесінің тағдыры да ерекше. Дүние-мүлікке мүлдем қызықпайтын,Айымторы Тайғаринованы алаяқтар қартайған шағында тұрып жатқан жалғыз баспанасынан айырды. Белгісіз біреулер пәтерін сыртынан сатып жіберген.
«Шалым ауырған соң, квартирант ұстадық. Ақыры сыртымыздан сатып, екі арада шал қайтыс болды. Бізді жылатты. Бірақ Алла тағала соңын жақсы қылып, мен осы жерде осындай дәрежеге ие болып, жарқыраған бөлмеде тұрып жатырмын», - деді ол.
Өмірі ерекше Айымторы ханым қазір арнайы орталықта ерекше құрметке ие. Мұнда оны барлығы жақсы көреді. Жалпы ардагерлер үйі баталы қариялар мен жаулықты апалардың мейіріміне толы. Тағдырлары сан қырлы болса, оларды біріктіретін бір күш бар. Ол – рухани үндестік.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
