Меруерт Өтекешева: Құманымды ардақтаған Алаш жұртына ризамын
10 наурыз күні Қазақстанның халық артисі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Құман Тастанбеков арамызда болғанда 73 жасқа толар еді. Өмірде де, өнерде серігі болған Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Меруерт Өтекешева қазақтың Төлегені – Құман Тастанбеков бақилық сапарға аттанғанда өзіне демеу, көңіліне медеу болған Қазақ еліне, Алаш жұртына ризашылығын жеткізген еді…
Өтекешованың қазақ еліне деген алғысын Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының баспасөз қызметі жариялады.
Ұлттық өнердің үлкен тұлғасы, халықтың жүрегінде махаббаттың, парасат пен бекзаттықтың символы Төлеген болып мәңгі қалған көрнекті актер, аяулы жарым, өмірдегі, өнердегі қымбат та қимас серігім Құман Тастанбековтің дүние кешкеніне үш айдың жүзі болыпты. Ол егер арамызда болса 10 наурызда 73 жасқа толар еді…
Қазақстанның халық артисі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Құман Тастанбеков өмірін өнерге арнады. Кинода және қара шаңырақ М.Әуезов атындағы академиялық драма театр сахнасында 100-ден аса роль сомдап, қазақ өнері мен мәдениетіне үлкен үлес қосты. Жап-жас кезінде Төлеген болып өнер көгіне көтерілген ол шырқау биігінен ешқашан түспей, халық сүйіспеншілігіне бөленді.
Құман шын мәнісінде халықтың ұлы болған екен. Мұны онымен қоштасуға аңырап келіп жатқан халықтың қалың легінен байқадым. Көкірегім қайғы жұтып отырса да, Құманымды жоқтап келіп жатқан елімді көріп, сондай жанға жар болғаныма ішімнен тәубе еттім…
Асыл жарым, өмір-өнер серігім Құманның туғанына 73 жас толатын атаулы күні асыл азаматын ардақтаған Алаш жұртына ризашылық сезім, алғысымды білдіруді жөн көріп отырмын.
Ең алдымен аса қадірлі Елбасы Нұрсұлатан Назарбаевқа басымды иіп, шексіз ырзашылығымды жеткізгім келеді. Үлкен жүрегімен көңілін білдіріп, сабырға шақырды. Құман Тастанбековтің отандық театр мен кино өнеріндегі, сондай-ақ жас ұрпақты тәрбиелеудегі елеулі ролін атап көрсетіп, жарқын бейнесі мен ұлттық өнерге сіңірген еңбегі халық жадында мәңгі қалатынына сенім білдірді. Құманыма бұдан артық құрмет бола ма?!
Құман өнерге жарты ғасырдан аса қалтқысыз қызмет етті. Оның шығармашылығының екінші тынысының ашылуына, «Парасат» орденін алуына, қазақстандық және шетелдік көрермен көңілінен шыққан ХIII «Еуразия» халықаралық кинофестиваліне қатысуына қолдау көрсеткен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына үлкен ырзашылық-алғысымды білдіремін. Құман Арыстанбек Мұхамедиұлының бастамасымен ұйымдастырылған өзге де әртүрлі қызғылықты шығармашылық шараларға, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Лос-Анжелесте өткен Қазақстан мәдениеті мен киносының «Ұлы Дала Рухы» атты күндеріне қатысты. Онда америкалық көрермендерге «Қыз Жібек» фильмінің көрсетілуі үлкен рухани серпіліс берді.
Сондай-ақ Құман Тастанбековті өткен жылы университетте шеберлік сабақтарын өткізуге шақырған, «Еуразия» кинофестиваліне қатысуына және Лос-Анжелестегі «Ұлы Дала Рухы» атты үлкен шара кезінде шынайы қолдау көрсеткен Қазақстанның халық артисі, ҚазҰӨИ ректоры Айман Мұсаходжаеваға да үлкен алғыс айтамын.
Құман бақилық болғанда ауыр қайғымызға ортақтасқан, ақтық сапарға шығарып салуға азаматтық көмектерін берген мемлекет және қоғам қайраткерлері: ҚР парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Кульгиновке, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановқа, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовке, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының директоры Асхат Маемировке, өнер қайраткерлері Асанәлі аға Әшімовке, Сәбит аға Оразбаевқа, Есмұхан аға Обаевқа, тағы да басқа көптеген белгілі тұлғаларға, сондай-ақ М.Әуезов атындағы академиялық драма театры ұжымына және Құманды жоқтап, қабырғасы қайысқан бүкіл қауымға басымды иіп, бүкіл отбасымыз, туған-туыстар атынан алғысымды білдіремін.
Тәуелсіз еліміздің бүгіні мен болашағы үшін жасалып жатқан барша игі бастамалар берекелі, әрбір отбасы қашанда мерекелі болсын.
үлкен құрметпен, Құманның жары Меруерт ӨТЕКЕШЕВА
Жіберіп алмаңыз:
Баян Алагөзова фильмге тамыр-таныстарын түсіруінің себебін түсіндірді
Данэлия Төлешова Мәскеуде әйгілі ZAZ-бен бірге ән салады
Сәкен Майғазиев 21 жыл бұрын әйелімен бірге тұрған үйін көрсетіп, шүкірлік етуге шақырды (видео)
Ләйлә Сұлтанқызы өзінен аумайтын «қызын» көрсетіп, жұртты қызықтырып қойды (фото)
.