Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жолымызды балалар жалғастырады": Жетісуда бес ғасырлық тарихы бар жәдігерлерді жинаған әулет тұрады

Әр жанұяның өз отбасылық құндылықтары болады. Отбасы мүшелерінің қағидалары мен өмірге деген көзқарасына байланысты түрлі ұстанымдары бар. Мәселен, жетісулық Андас әулеті ХVІІ ғасырдан бері ата-бабадан қалған отбасылық жәдігерлерді сақтауды отбасылық дәстүрге айналдырған. Қара шаңырақта ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мұраларының қатарында бес ғасырлық тарихы бар ат әбзелдері, ертоқым, бүркіттің тұмсығы, қолөнер бұйымдарынан бастап, тарихи жазбаларға дейін сақталған. Татулық пен берекесі айрандай ұйыған ерекше жанұя былтыр “Мерейлі отбасы” байқауының лауреаты атанып та үлгерген. Сегіз ағайынды арасындағы ұлдың үлкені Қажет Андас Stan.kz тілшісіне бұл ерекше отбасы қандай құндылықтарды дәріптейтінін айтып берді.

Андас әулеті, жеке архивтен

Андас әулетінің отанасы 73 жастағы Әуезхан Мажайқызы 8 баланың алтын құрсақ анасы ретінде 2017 жылы алтын алқа алған. 2022 жылы президенттің қолынан “Парасат” сыйлығын иеленген.

Анамыз жәдігерлерді өзімен бірге әкелу үшін 99 рет шекараны кесіп өткен

Әулеттің үлкен ұлы Қажет Андас 2005 жылы Қытайдан көшіп келгенін айтады. Сөзінше, кейін артынан біртіндеп бауырларын да ерткен екен. 

“Бізде ХVІІ ғасырдан бергі жеті атамыздан үш мыңға жуық жәдігерлер жинақталған. Әкеміз 2015 жылы қайтыс болды. Ал бұл мұралардың бәрін анамыз Қытайдан әкелді. Тіпті 2008-ден 2016 жылға дейін ол жәдігерлерді өзімен бірге әкелу үшін 99 рет шекараны кесіп өткен. Бұлардың біразы Қытайдың Күлес деген ауданындағы музейде қалды. Қалған бөлігін барынша елге алып келдік”, - деді Қажет Андас. 

Андас әулетінде жеті атадан бері ел билеген тұлғалар, нағашы жұртында өнерлі, шетінен әнші, қолөнерші, өрімші жандар көп болған. Әулеттің үлкен ұлы Қажет сол себептен Әуезхан ананың да бойында қолөнерге деген қабілеттің сақталғанын айтады. Азамат қазір сегіз бауырының төртеуі елде болса, төртеуі Қытайда ғылыммен айналысып, жақсы жұмыстар жасап жүргенін алға тартты.

“Әкеміз жергілікті жердің тарихын жазуға қосқан үлесі үшін Қытайда мемлекеттік дәрежеде сыйлық алған. Соның жолын қуып мен де бауырларым да шығармашылыққа жақынбыз. Жетеуіміз ғылым магистріміз. Құрылыс, архитектор, журналист, кітапханашы, мұғалім сияқты әр салада қызмет етіп жүрміз. Биыл әулет болып 47-кітабымызды шығардық. Былтыр әкеміздің үш томдық еңбегін жасап, ішіне отбасымыз жайлы шежірелерді де кірістірдік”, - деді Қажет Андас. 

Көп жәдігер жоғалып кетті

Қажет Андас қазір отбасының қолындағы бар жәдігерлер өздерінде қалған ең қарапайым дүниелер екенін айтады. Ал ең құндылары Қытайда 1966 жылдары үлкен мәдени төңкеріс кезінде, мәдениетті қудалау кезеңінде жоғалып кеткен.

“Сол жылдары біздің үйге үш рет үлкен тексеріс келіп, тінту болды. Қолымыздағы біраз жәдігерлерді қоқысқа лақтыруға тура келді. Ал анамыз сонда да лақтырып тастаған дүниені ертеңгі күні тығып алып келетін. Алтын күмістер, кереметтей көп дүние осылайша жоғалып кетті”,- деді азамат. 

Қажет әулетінің ендігі мақсаты жеке отбасылық ғылыми шығармашылық қолөнер мұражайын ашу екенін айтады.

 

Балаларымызға “жолымызды” сақтау міндет

Андас отбасының қорында қазір ат әбзелдері, қолөнер бұйымдарымен қатар көне дүниелер де сақталған. Оның біразы Атамекен мәдениет орталығына тапсырылған. 

“Солтангелді деген кісі Абылай ханның дәуірінде өмір сүрген, қара шаңырағымыздың иесі болған. Жәдігерлер ішіндегі ең көнесі де осы Солтангелді бидің ертоқымы. Біз оны тарихи мәдени мұраны қорғау қорына тапсырдық. Одан кейін ХVІІІ-ХІХ ғасырда құсбегі болған Шәкір деген атамыздан қалған жалғыз жәдігер бүркіттің тұмсығы бар. Ұлтарақ деген батыр атамыз болған. Одан бүркіттің торы мен көмтоқымы қалған. Өте мықты емші болған Жапсырбай деген атамыздан дәрі дайындайтын кішкентай келсабы мен емдік аспаптары қалған. Одан бөлек қорымызда ендік, ат әбзелдері сияқты көптеген дүниелер бар”, - деп қосты азамат. 

Үлгілі әулеттің отағасы елімізде тамыры тереңге жайылған әулеттер саны көп болса, мемлекет негізі де берік болады деп санайтынын жеткізді. 

Әуезхан Мажайқызының президент қолынан “Парасат” сыйлығын алу сәтінен

“Қазақстанға келген соң осы жақта шаңырақ көтердім. Бүгінде екі қызым бар. Мен өз отбасымды қазақтың қолөнер жәдәгерлерімен қатар ғылыми шығармашылықпен айналысатын жанұя ретінде қалыптастық деп толықтай айта аламын. Бұл жолды ары қарай біздің ұрпақтарымыз жалғастырады. Балаларымызға жолымызды сақтау міндет. Жәдігерлерді сақтаудағы басты мақсатымыз да осында – өз тарихымызды ұмытпау. Отан отбасдан басталады демекші, егер елімізде әрбір отбасы өз ата-баба тарихын түгендеп отырса, мемлекетіміздің де негізі берік болмақ”, – деп қорытты азамат. 

Андас отбасы 2022 жылы республикалық “Мерейлі отбасы” байқауының лауреаты атанды. 

“Өзім журналист болған соң күнделікті шығып жатқан ақпаратты алғашқылардың бірі болып естиміз. “Мерейлі отбасы” байқауына іріктеуді көзім шалып, бірден анама ұсындым. Себебі бұл байқау дәл біз секілді жанұяларға арналғандай көрінді. Алғашқы жылы республикалық кезеңге өте алмасақ та, кейінгі жылы өтіп, лауреат атандық. Мұнда бізден бөлек еліміздің аймақтарынан жиналған дәрігерлер, қолөнершілер, полицейлер деген сияқты ерекше үлгі боларлық жанұялар атсалысты. Оларға қарап, осындай шараларды көбірек жасау керек екеніне көзім жетті. Себебі қоғамда отбасы мәселесі әрдайым өзекті. Ал үлгілі жанұяларды баршаға насихаттау арқылы түйнді тарқатуға болады”,- деп қорытты азамат. 

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 30 Мамыр, 2023 13:44
Талқылау