Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы ең үлкен көпір құрылысына ақша жоқ –  мердігерлер

Қазақстанның алып жобасы – Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір ұзақ мерзімді құрылыс нысанына айналу қаупі бар. Бұл туралы Stan.kz  ақпараттық агенттігі Astana TV арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот: AstanaTV

Көпір құрылысын жүргізетін компания директорының орынбасары Нығматулла Абдулхаковтың айтуынша, уәде етілген 20 миллиард теңге транш әлі түспеген. Ал компания келісім-шартқа байланысты, өз қаражатына Қазақстанда өндірілмейтін аса берік металды шетелден сатып алуға мәжбүр болды. 

"Нысанға қаржы қарастырылмаған. Бүгінгі күні құрылыс өз қаражаты есебінен жүргізілуде. Директор Қазанов Жанболат "соңғы шалбарымды сатсам да осы көпірді саламын",- деді. Ол бар күшімен құрылысты тоқтатпауға тырысуда. Құбырлар, барж, арматура материалдары келіп жатыр, яғни құрылыс тоқтамайды. Бірақ қаржыландыру жеткіліксіз екені айдан анық", - деді, "ОблШығысЖол" ЖШС көпір құрылысы жөніндегі директор орынбасары Нығматулла Абдулхаков.

Көпірдің жалпы құны 60 миллиард теңгеден асады. Оның үштен бірі игерілді. Қыста да құрылыс жүргізу үшін жол мен техникалық көпір салынды.Тереңдігі 40 метрлік қадалар соғылып, аралықтар тұрғызыла бастады. Тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасы. Ведомства өткел құрылысы мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен басталғанын және  қаржыландыру республикалық бюджеттен бөлінуі тиіс екенін түсіндірді. Бұл үшін көпір елдің бес стратегиялық объектісіне енгізілді. Құрылысшылар жалақыларының кешіктіріліп жатқанын да айтты. Құрылыста 300 адам  жұмыс істейді, негізінен сондағы жергілікті тұрғындар. 

Жергілікті  депутаттар да Үкіметке уәделерін орындауды және маңызды нысанға ақша бөлуді талап етті. 

"Біз тағы да Үкіметке жүгіндік. 2025 жылдың ақпанында көпір ашылуы керек. Кез-келген кешігу, жұмыс кестесін бұзады. Біз үшін бұл жай ғана көпір емес ", — деді  депутат Ғани  Шаймарданов.

Тұрғындар  көпірді 50 жылдан астам уақыт күтіп келеді. Жұрт құрылыс тағы тоқтап қалады ма, деп алаңдайды. Олар қазір Бұқтырма арқылы адамдар мен көліктерді тасымалдайтын ескі паромдардың тағы бірнеше жыл жұмыс істеуіне шыдауы екіталай деп қорқады. 

Талқылау