Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы 6 жасар Лиза Пылаеваның өлімі: Сотталушының адвокаты 30-дан астам куәгерлерден жауап алуды сұрады

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2019 жылы мерт болған 6 жасар Лиза Пылаеваның өліміне қатысты сот отырысы қайта жалғасып жатыр. Бұған дейін іс прокуратураға қайтарылған еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Stan.kz

Ольга Шмакова ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 14-тармағы ("Адам өлтіру") бойынша айыпталып отыр.

Леонарда Рыжаковаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 420-бабының 2-бөлігі ("Көрінеу жалған айғақ беру, сарапшының, маманның қорытындысы немесе дұрыс аудармау") бойынша іс қозғалды.

Ал Ухтаб Махмудовға ҚР Қылмыстық кодексінің 432-бабы және 420-бабының 2-бөлігі ("Қылмысты жасыру") бойынша айып тағылды.

Айыпталушылар қамауда емес және бүгінгі сот отырысына өз бетімен келді.

Бүгінгі сот отырысында күдікті Ольга Шмакованың адвокаты істен Алла Пылаеваны (қайтыс болған Лизаның әжесі) алып тастауды және жәбірленушілер тізімінен шығаруды сұрады. Адвокаттың бұл өтінішін басқа адвокаттары мен айыпталушы қолдады. Дегенмен прокурор "Алла Пылаеваны істен шығарудың қажеті жоқ" деді.

"Қайтыс болған Лиза Пылаева – Алла Пылаеваның немересі. Сондықтан оны істен шығаруға қажеттілік жоқ. Толық істен алып тастауға келіспеймін, 94-бапқа сүйенсек, мұндай қажеттілік жоқ. Алла Пылаева қандай да бір айғақ бере алмайды, сондықтан оны істен және жәбірленушілер арасынан алып тастауға негіз жоқ", – деді прокурор.

Бұған Алла Пылаеваның өзі де келіскен жоқ.

"Менің немеремді өлтірді, мен қарсымын. Себебі немеремді сол үйде өлтірді, онымен қоса мені істен алып тастамақ", – деп шағымын білдірді ол.

Істі қарап жатқан судья Бәкірбаев Б.Е айыпталушы тараптың адвокатының өтінішін қанағаттандырмады.

Сонымен қатар Ухтаб Махмудовтың адвокаты оның орыс тілі мен қазақ тілін жетік білмейтінін айтып, сот материалдарын өзбекшеге толық аударып беруді және сот отырысына аудармашы шақыртуды сұрап, өтініш білдірді. Судья сот материалдарын аудару туралы өтінішті қанағаттандырмады. Ал аудармашы бүгін келмегенін және орнына басқа адам табылмағанын айтып, сот отырысын үзіліске жіберді. Сот отырысы келесі аптада жалғасады.         

Сондай-ақ Шмакованың адвокаты куәгер ретінде 36 адамнан жауап алу туралы өтініш білдірді. Ал судья бұл мәселе айыптаушылардың куәгерлерінен, сотталушылардан жауап алынып, қылмыстық іс материалдары мен заттай дәлелдемелер зерттелгеннен кейін қаралатынын жеткізді.

Сонымен қатар бүгінгі сот отырысында прокурордың айыптау актісі оқылды. Еске салайық, прокурор бұған дейінгі сот отырысында бүлдіршіннің бірден өлмегенін айтқан. Оған медицина көмегі көрсетілсе, қызды аман алып қалуға болатын еді деді.

Оқиға 2019 жылы болған. Прокурордың айтуынша, сол уақытта Лизаны анасы нағашы әпкесі Ольга Шмакова мен оның күйеуіне қарауға қалдырған. Шмакованың күйеуі кішкентай Лизамен уақыт өткізген. Мұны байқаған күдікті Ольга Шмакова ашуланып, қызғанған. Ол күйеуі қыздың әкесі болуы мүмкін деп күдіктенген. Сосын күдікті балаларын алып, сауда орталығына көлікпен бармақ болған. 

Осы кезде кішкентай Лиза Пылаева үйден аулаға шығып тұрған. Ольга Шмакова өзінің отбасындағы жағдайға ашуланып, кішкентай қызға қастандық ойлаған. Қылмысты жасау үшін көлікті қару ретінде пайдаланып, кәмелетке толмаған Елизавета Пылаеваны қағып кеткен. Қыз құлап, есінен танған. Әпкесі қылмыстық ниетін ақырына дейін жеткізгісі келіп, қызға көмектеспей, оны сол жерге тастап кеткен.

Сол кезде Алматы облыстық Ұлттық қауіпсіздік департаментінің бастығы қызметін атқарған Шмаков (Ольга Шмакованың күйеуі) қыздың үстіне мүсін құлаған деп тану үшін ауруханаға хабарласып, көмек сұраған. Ер адам аула тазалаушы Уктаб Махмудовқа қыздың денесін жуып, киімін ауыстыруды бұйырған, ал ол айтқанын істеген.

Ольга Шмакова өзінің қылмысқа қатысы жоқ болуы үшін балаларымен көлікке отырып, сауда орталығына кетіп қалған. Ал Лизаның әжесі Леонарда Рыжакова бұл бастаманы қолдап, кейін жалған куәлік берген. Прокурордың айтуынша, Рыжакова шындықты анықтауға әдейі кедергі келтірген. Артынша қыз көп жарақатпен қаза тапқан күйі ауруханаға жеткізілген. 

Талқылау