Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Есірткіні қолданып көрген балалармен жұмыс істеу қиынға соғады": Мектеп инспекторы жасөспірімдер арасындағы нашақорлықпен күрес жайлы айтты

Алматылық мектеп инспекторы Ләззат Сатова бүгінде елімізде жасөспірімдер арасындағы нашақорлық пен маскүнемдік белең алып тұрғанын сөз етті. Бүгінде бұл мәселені шешу үшін ІІМ, психологтар мен дәрігер мамандар бірігіп ат салысуда. Жасөспірімдер арасындағы зиянды әдеттердің алдын алу мақсатында асырылып жатқан шаралар жайлы ол Stan.kz тілшісіне айтып берді.

– Ләззат ханым, мектеп инспекторының негізгі міндеті жайлы айтып берсеңіз?

– Қазақстан Республикасы ІІМ №382 бұйрығымен  29.06.2021 жылы мектеп инспекторлары учаскелік инспектор болып ауыстырылды. Дегенмен жүктелген міндеттеріміз өзгерген жоқ. Тек инспекторлар қазір бұрнғыдай мектепте отырмайды, олардың орны бөлімшеге ауысты. 
Мысалы, инспектор бір аудандағы мектеп, колледж, балабақшадағы балалармен жұмыс жасайды. Бұл таңнан кешке дейін мектепте отыру деген сөз емес. Балаларды таңертең күтіп алып, түскі ауысым кезінде де қадағалаймыз. Егер қарамақта екі мектеп болса, түске дейін біреуіне түстен кейін екіншісіне барып, соның жұмыстарымен жүру бізге міндеттелген.
Адам құқығын қорғау бала құқығын қорғаудан басталады. Біздің мойнымыздағы жауапкершілігіміз жоғары. Басты міндетіміз – кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігін қадағалай отырып, оларға өз құқығын қорғауды үйрету. Дұрыс бағыт-бағдар бере отырып, өмірде дұрыс жолды нұсқау, рухани қолдау көрсету. 

– Сіз бұл салаға қалай келдіңіз?

– 2007 жылы Алматы қаласы әкімінің барлық орта білім беретін оқу орындарында мектеп инспекторы болуы керек деген қаулысының шыққанын, оған педагогикалық білімі бар азаматтарды да қабылдайтынын естіп құжаттарымды тапсырдым. 23 жасымда қызметке тұрдым. Жас болғандықтан, әрине, басында қиыншылықтар да болды. Алайда әріптестерімнің қолдауының арқасында үйреніп кеттім. Әкем кішкентай кезімде “менің қызым полиция қызметкері болады, ел тыныштығын қорғайды” деп жиі айтатын. Әкемнің сол арманын орындағым келді. Өзімнің де бұл салаға қызығушылығым жоғары болатын. Өкініштісі, әкем мені полицей формасында көре алмай кетті…

– Балалармен жұмыс істеу қаншалықты қиын?

– Балалардың мінезі мен психологиялық ойлау қабілеті әртүрлі болып келеді. Біз әрқайсысымен жеке байланыс орната алуымыз керек. Нақтылап айтқанда, баламен сөйлесу барысында өзіңнің оған шын жанашыр екеніңді көрсете білуің маңызды. Менің ойымша, өз жұмысыңды жақсы көріп, шын жүректен орындасаң, ешқандай қиындық туындамайды.

– Жұмыс барысында ата-аналар тарапынан қолдау бар ма? Ал келіспеушіліктер орын алған жағдайда қалай шешесіздер?

– Кейбір жағдайларда ата-аналар тарапынан түсініспеушіліктер туындап жатады. Ондай кезде асықпай, заң жүзінде қалай дұрыс болуы керек екенін түсіндіріп, кеңес береміз. Ата-аналардың қолдауы бізге көп көмегін тигізеді. Сол себепті олардың балалары үшін де құқықтық білім алуына әрекет еткенін қалаймыз.

– Жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік мәселесінің алдын алу шаралары қандай?

– Әлімжеттік, қысым жасау әрекеттеріне себепші фактор отбасы тәрбиесі болып табылады. Заң бұзушылықтың алдын алу үшін әр бала құқықтық білімін жетілдіруі қажет. Жасөспірімдер қылмысын болдырмау үшін ювеналдық полиция учаскелік инспекторлары мектеп психологтарымен, әлеуметтік педагогпен, тәрбие жөніндегі орынбасарлармен бірігіп жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар балалардың өз қауіпсіздіктері мен құқықтарын білуі үшін әр мектептен полиция көмекшілерінің топтарын құрдық.  Жас көмекшілер мектеп ішіндегі өзге оқушылармен араласып, оларға да дұрыс жолды нұсқауға, ойларын теңдей ашық білдіруіне көмектеседі. Ювеналдық полиция инспекторлары да шәкірттермен ашық қарым-қатынас орнатып, сенімдеріне кіру үшін мектепте түрлі шаралар, кездесулер мен спорттық ойындар ұйымдастырады. 

– Балалар мен жасөспірімдер арасындағы нашақорлық пен маскүнемдікті қалай алдын аламыз? 

– Зиянды заттарға қарсы жұмыстарды нарколог дәрігермен бірлесе отырып шешуге тырысамыз. Бала психологиясы да өте маңызды орында. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жылдан жылға шылым, ішімдікке мектеп жасындағылардың әуестенуі азайып келеді.
Балалардың бойында спортқа немесе басқа да үйірмелерге қызығушылығын арттыру арқылы шылым шегу, маскүнемдік пен нашақорлықты алдын алуға болатыны белгілі. Бірінші кезекте олардың өмірін жағымды эмоцияларға толтыруға ден қойған жөн. Бұл тұрғыда өнер, үйірмелер мен спорт секциялар көмекке келеді. Егер бұлардың барлығы қолжетімді болса, зиянды әрекеттердің алдын алуға болады. 
Нашақорлық пен маскүнемдіктің алдын алу отбасыдан, мектептен басталуы қажет. Сонда ғана мұндай жұмыстар жемісті болады. 
Дәрігерлер мен психологтар жасөспірімдермен жұмыс істеуде сақ болғаны жөн. Себебі олар көп нәрсеге сене қоймайды. Әсіресе, есірткіні қолданып көрген балалармен жұмыс істеу қиынға соғады. 
Маңызды профилактикалық іс-шаралар ретінде арнайы мамандар мен ішкі істер министрлігінің тиісті департаменттері, комиссияларының бірігіп жұмыс атқаруын айтуға болады. Олар өз кезегінде есірткіге әуестенген жасөспірімдерді тіркеуге алып, олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, ары қалай нашақорлықтан айығуына сеп болады. Егер бұл мүмкін болмаған жағдайда оған қатысты қатаң шаралар қолданылады. 

– Кәмелетке толмаған балалар заң бұзушылық әрекетін жасаған жағдайда ең қатал қолданылатын жаза қандай?

– Жасөспірім аса ауыр қылмыс жасаса, 14 жастан бастап, ауыр қылмыс жасаса 16 жастан бастап жауапкершілікке тартылады. Ал 11 жастан бастап қылмыс жасаған балаларды жауаркершілікке тарту ерте болғандықтан қылмыстық іс қысқартылады. Алайда баланы ІІО-да есепке алып, алдын алу жұмыстарын жүргіземіз. Қызмет барысында ата-аналармен де жұмыс жасау өте маңызды. Баланың болашаққа мақсат қойып, дұрыс жолдан таймайтын, тұлға болып қалыптасуына септігін тигізсін деп үлі болар тұлғалармен кездесулерді де жиі ұйымдастырамыз. Қылмыстың алдын алу жұмыстарынан соң жасөспірімдер оң нәтиже көрсетпеген жағдайда немесе ата-анасының қарауынсыз, қадағалауынсыз қалып, ата-анасы тиісті тәрбие бермеген жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-ші бап 3-бөлігімен жауапқа тартуға және одан кейін де қылмыс жасауын жалғастырған болса жасөспірімді 11 жастан бастап арнайы интернатқа жіберуге мәжбүр боламыз.

– Мектеп жасындағы оқушылардың суицид жасау фактілері биыл көбейіп кетті, негізгі себеп неде деп ойлайсыз?

– Кәмелетке толмағандардың өз-өзіне қол жұмсауының басты себебі өтпелі кезеңде психикалық, жан дүниесінің әлсіз болуының салдарынан балалардың қиындықтарға төзе алмауы. Көбіне жауапсыз махаббат, ата-ана мен баланың арасындағы түсініспеушілік пен әлеуметтік желілердегі түрлі сайттардың әсері салдарынан.

– Қызмет кезінде қандай тосын жайттар болады?

– Жұмыс барысында көптеген жағдайлар кездесіп жатады. Тек балалармен ғана емес, ата-аналардың өзіне тәрбие, тәртіптік жұмыстар жүргізуге тура келетін кездер жоқ емес. Оларды арнайы комиссия өкілдерімен сөйлесуге апару үшін таң атпастан үйлеріне барамыз. Есіктерінің алдында оларды күтіп жетектеп жүріп әкелмесек, тіпті ерте тұрып қашып кететіндері де бар. Сол үшін қандай уақытта, қандай жағдайда болсын жұмысқа дайын болуымыз керек. Әдетте біз есептік тіркеуде тұрған балаларды түгендеу үшін үйлеріне барамыз. Ал олар біздің келетінімізді біліп, үлкен қабаған иттерін әдейілеп босатып қояды екен. Осылайша, қызмет барысында талай иттен қашып, от пен суға түссек те, біраз баланы партаға қайта отырғызып дұрыс жол нұсқаған болатынбыз.
Мен жұмысымның тек жақсы жақтарын ғана есіме алғым келеді. Мысалы, кезінде есепте тұрған көптеген жасөспірімдердің түзеліп, жоғары білім алып, көрген жерде танып алғыс айтқандары мен жоғалған баланы тауып, ата-анасына қайтарғандағы олардың қуанышы, алғысы іске деген махаббатымызды арттыра түседі.

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 29 Шілде, 2022 14:30
Талқылау