"Менің қатыным, өзім білемін": Қызылорда облысында ер адам ауруханада жұмыс істейтін әйелін дәрігерлерден қызғанып мекеме ішінде ұрып-соққан
Қызылорда облысында Тасбөгет кентінде ер адам ауруханада жұмыс істейтін жұбайын қызғаныштан мекеме ішінде ұрып-соққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видео кадрларынан скрин
Оқиғаға полицейлермен сұхбаттасу үшін Тасбөгет ауылына барған журналист Жазира Бегалы куә болған.
Зардап шеккен Сәуле Акимованың айтуынша, ол дәрігерден күйеуінің медициналық порталы туралы мәліметтерді сұраған. Алайда дәрігер әйелдің жұбайына қоңырау шалып, оны өзіне шақыртқан. Ашуланған ер адам медициналық мекемеге келіп, дәл сол жерде әйелін аяусыз ұрған. Әйелге екі қабырғасында жарық диагнозы қойылды.
Сәуле ауруханада санитар болып жұмыс істейді. Оның екі баласы бар.
“Ауырып тұрмын, жаным қиналып тұр. Күйеуімнің үстінен арыз жазып, қаматқым келеді. Аурухана қарап, ауруды бастын дәрі берді. Қабырғамды күйеуім ұрып сындырды. Осымен екінші рет. Өткенде де осылай еткен.
Әрқашан осылай мені ұрады. Ішіп алса да, ішпесе де… Тілі де жаман. Балағаттай береді. Ауруханада санитар болып жұмыс істеймін. “Сол жердегі еркектермен ойнассың” дейді. Ол жерде 99 пайыз әйел адам жұмыс істейді. 8-ақ ер адам бар үлкен ауруханада. Солармен мені қосып, үнемі балалардың көзінше балағаттап, табалай береді”, – деді келіншек.
Ал Сәуленің күйеуі болса өз қателігін мойындамайды.
"Менің қатыным, өзім білемін. Сотқа жүгінемін, бұл менің отбасылық ісім", - деді ер адам видеода.
Қызылорда облысының полиция департаменті денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.
"Жәбірленуші екі баласымен дағдарыс орталығына орналастырылды. Онда оларға жан-жақты психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Отбасын қорғау мақсатында күдіктіге (3 топтағы мүгедекке) қатысты қорғау ұйғарымы шығарылды", - деп хабарлады полиция.
Қылмыстық іс облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.