Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Меңгеруші жұмыстан кеткен қызметкерге жалақы аударып, оны балабақшаның жөндеу жұмыстарына жұмсаған

Жоғарғы сот Солтүстік Қазақстан облысында жұмыстан кеткен қызметкерге жалақысы аударып, ақшаны балабақшаның жөндеу жұмыстарына жұмсаған меңгерушіні ақтап алды.

Меңгеруші жұмыстан кеткен қызметкердің жалақысын балабақшаның жөндеу жұмыстарына жұмсаған

Бұл туралы ҚР Жоғарғы сотына сілтеп, Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

2016 жылдың ақпан айында 48 жастағы Нұржамал Нұрғалиева лауазымды өкілеттілігін асыра пайдаланғаны және қызмет бабында жалған құжат жасағаны үшін кінәлі деп танылған. Содан Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл аудандық соты Нұрғалиеваны бір миллион теңгеден астам сомада (510 АЕК) айыппұл төлеуге міндеттеді, сондай-ақ, оны өмір бойы мемлекеттік қызметпен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырған болатын.

Дегенмен, Нұржамал жұмыстан кеткен қызметкердің жалақысын балабақшаның мұқтаждықтарына жұмсадым деп сендуде. Ол заңсыз аударған қаражатты бала-бақшаның қазандығына құбыр орнату, әк, бояу, линолеум сатып алуға жараттық дейді.

«Шығындар ғимаратты жаңартуға және мекемеде Жаңа жыл мерекесін ұйымдастыруға қажет болды. Бала-бақша басшылығы білім басқармасынан бірнеше рет жүгінгенімен, аталған іс-шараларға бюджеттік қаражат болмауы себепті ақша бөлінбеген. Оны аудандық білім беру бөлімінің есепшісі мен бастығы да растады. Нұрғалиева сотта қаражаттың қайда жұмсалғаны жазылған дәптер мен түбіртектерді көрсетті. Мұның бәрі алынған қаражаттың балабақша қажеттіліктеріне жұмсалғанын дәлелдеді», – деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы соттардың құқық нормаларын түсіндіру мен қолданудағы бірізділікті қамтамасыз ету, сотталғанның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында іс бойынша шығарылған сот актілерінің күшін жойды. Қаулы сотталғанның пайдакүнемдік уәжімен басқаларға залал келтіру жоспарының болмағандығы ескеріле отырып қабылданды. Кәсіпорынның қалыпты қызметі мен басқа тұлғалардың құқықтарын бұза отырып, сотталғанның мемлекет мүдделеріне айтарлықтай залал келтіргендігі туралы тұжырымды негізсіз деп танылды.

Балабақша меңгерушісінің әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық істі жүргізу тоқтатылды. Нұрғалиеваға қылмыстық процесті жүргізген органның заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген залалды өндіріп алу құқығы түсіндірілді.

Оқи отырыңыз:

Назарбаев: Алматы облысы – бәріне үлгі

Астанада із-түссіз жоғалып кеткен оқушы аман-есен үйіне оралды

Ақтөбеде танымал тележүргізуші Айзат Әбдісамат көз жұмған лифтіден қандай ақау кеткені белгілі болды 

«Street Workout KZ» челленджі: Мөлдір Әуелбекова келесі эстафетаны Бауыржан Байбекке жолдады (видео)

Талқылау