Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мен үшін ең маңыздысы байқаудан өту емес еді": Жас әнші Алтынбек Ақниет "Қазақстан дауысы" жобасына не мақсатта қатысып жатқанын айтты

Алтынбек Ақниет ерекше қажеттілігі бар адамдар жайлы стереотипті бұзған жандардың бірі. Жастайынан арбаға таңылса да, белсенді өмір салтын ұстанып қана қоймай, үлкен сахнаны бағындырып келеді. Жақында Алтынбек "Қазақстан дауысы" жобасында өнер көрсетіп, әнімен әділ қазы алқасын тәнті еткен. 27 жастағы жас әншінің айтуынша, музыка саласында жүрген мамандардан ән орындауы жайлы жақсы пікірлер естиді. Stan.kz тілшісімен әңгіме барысында жас әнші өмірге деген құлшынысты қайдан алатынын айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Алтынбек Ақниет

Алтынбек Ақниет Ақмола облысы Егіндікөл ауданының тумасы, қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрады.

Спортпен шұғылданады, одан бөлек бойында бірқатар қабілетінің барын байқауға болады. Ол жүзумен, баскетболмен, тенниспен айналысады, фортепианода ойнайды. Өзінің айтуынша, белсенді өмір салтын ұстануға күш-қуатты өмірге деген махаббаттан, құлшыныстан алады.

Анасы Салтанат Ақылбекқызы Алтынбектің дені сау бала болып дүниеге келгенін айтады. Дүниеге келген үшінші күні жамбас сүйектері сынып, 45 градусқа жылжып кеткен екен. Жас әншінің өзі бала кезінде сүйектері сынғыш болғанын есіне алады. Жақындары да оның өте белсенді екенін сұхбаттарда айтқан болатын. Алтынбектің өзі спорт тәнге ғана емес, жанға да ем деп санайды. 

“Спортпен айналысу тек ағзаға ғана пайдалы емес, моральдық тұрғыда өз әсерін тигізеді. Мен өзіме ұнайтын, қызығатын спорт түрлерімен айналысамын. Әрине, уақыт, мүмкіндік бар кезде. Күш-қуатты өмірден, өмірдің қызықты сәттерінен аламын”, – дейді ол.

Айтуынша, өнерге деген қабілеті жеткіншек кезінде пайда болған.

“Өнерге қызығушылығым 14-15 жасымнан бастап пайда бола бастады. Қазір өнер адамы болғандықтан маған қызық болған кез келген нәрсені жан-жақты танып білуге тырысамын”, – дейді ол.

Өткен қыркүйек айында 27 жасқа толған Алтынбек қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінде магистранты.

“Бұған дейін Көкшетаудағы Біржан сал атындағы музыкалық колледжді үздік дипломмен бітірдім. Одан соң Қазақ Ұлттық Өнер академиясының бакалавриатына түсіп, оны да үздік тәмамдадым. Қазіргі таңда магистратурада оқып жатырмын”, – дейді әнші. 

Айтуынша, өмірдегі мақсаттарды жоспарлау маңызды. Әрбір нәрсеге күшіңді дұрыс жұмсау қажет дейді. 

Ол "Қазақстан дауысы" сияқты үлкен жобаға алғаш рет қатысып отырғанын айтады.

"Қазақстан дауысы" жобасында келесі кезеңді сценарий бойынша түсіріп жатырмыз. Мамандар тарапынан жақсы пікірлер естимін, музыка саласында жүрген соң ән орындауым жайлы жылы лебіздерді жиі естіп жүрмін”, – дейді Алтынбек.

Республикалық тележобада Алтынбек "Аллаға шүкір" атты әнді шырқап, Сәкен Майғазиев пен Маржан Арапбаеваны өзіне қаратқан еді. Бұл әнді орындау кезіндегі мақсаты байқаудан өту емес екен. 

“Осы өлеңді шырқаған кезде мен үшін ең маңызды байқаудан өту емес, әнді тыңдарман қауымға дұрыс жеткізу болды. Аяғына дейін әділ қазы алқалары бұрыла ма, бұрылмай ма деген ой болған жоқ. Ең бастысы қатесіз, әр сөзіне мән беріп, ұғына отырып, мелодикалық мәтінін өз деңгейінде орындау болды”, – дейді ол. 

Алтынбек Ақниет әнді айтқан кезде тыңдармандарға әсерлі болып жатқанын сездім дейді.

Жас әншінің алдағы жоспарлары көп. “Қазақстан дауысы" жобасына белсенді болып, абыроймен қатысу. Сондай-ақ қазір білім алып жатқан оқуын жақсы бітіру дейді.

Талқылау