"Басты сыйлық": Динара Сәтжан "Ерен еңбегі үшін" атағына ие болды
Танымал журналист, продюсер, фэшн-дизайнер Динара Сәтжан мереке қарсаңында марапатқа ие болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
©instagram.com/dinarasatzhan
Отандық тележүргізуші көрерменге сапалы жобаларды ұсынатынын айтып мақтанды.
"Өзіңізге ұнайтын іспен айналысыңыз. Мен үшін басты сыйлық – аудиториямнан кері байланыс. Осы күнге дейін жасаған контентім көрермен көңілінен шығып келеді. Сатып тұрған киіміңізді адамдарға мәжбүрлеп сата алмайтыныңыз секілді, жасаған жобаларыңызды да көрерменге күштеп көргізе алмайсыз. Көрермен керегін өзі іздеп табады. Мен және менің командам сіздерге сапалы контент ұсынуға тырысады. Сол үшін командамды жақсы көремін. Кешеден бері құттықтап жатқан барша оқырманыма алғыс білдіремін. Иә, мен Мемлекет басшысының қолынан "Ерен еңбегі үшін" деген атақты алдым. 20 жылдан бері медиа саласында жүрсем де, алғашқы мемлекеттік наградам. Бұл маған шабыт береді", – дейді продюсер.
Динара Сәтжан қуанышын бірінші ата-анасымен бөлісті. “Мені қолдағандарың үшін алғыс, мына медаль сіздерге”, – деді. Әкесі: “Қызым, марапатың құтты болсын! Еңбегіңді бағалап жатқан еліңе рақмет! Алыстарға сілтеп, биік белестерді бағындыра бер”, – деп батасын берді.
Желідегі оқырмандары марапат иесін жарыса құттықтап жатыр. Медиаменеджердің өзі болашақта көп жұмыс күтіп тұрғанын айтты.