Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мен өзім қалаған әйелге үйлендім: Бауыржан Момышұлы жайлы естелік

60-жылдардың басында атышулы Бауыржан Момышұлы ойламаған жерден төсек жаңғыртып, жұртты біраз дүр­ліктірмеді ме? Сыныққа сылтау іздеген белсенділер оны әр саққа жүгіртіп, қалайда Баукеңді тұқырту үшін тұс-тұстан жамырасты. Әсіресе, доспыз деп қолтығына кіріп, жылмаңдап жүретін кейбір қарау ниет әріптестері ақилана еліріп, газет-жур­нал­дарда жарыса жазып, улап-шулады.

Қарап тұрсаң, ол шіркіндер кіл моральдық жақтан тап-таза, қиғаштыққа жаны қас, ақыл айтуға шебер абыз шеттерінен. Жасаған тоқтамдары — Баукеңнің мәселесін Жазу­шылар одағының партбюро мәжілі­сінде қарап, партиядан шығарып (одақ мүше­лігінен аластау екібастан) қатаң жазалау (бопты). Одаққа бір шақырады, екі шақы­рады, он шақырса да, бірақ, Баукең баратын ба еді. Бармақ түгіл, хабарлас­қандарды жеті атасына дейін сыбап, маңына жолатпапты. Әрине, бұл жайлы ОК-ке тынымсыз жетіп жатады. Ол кезде мен сонда сектор меңгеру­шісі едім. Бірде Жанділдин шақырды. Қашанда қатал, сұсты көрінетін Нұрекеңнің бұл жолы өңі жылы, қабағы ашық, көздері күлім қағады.

-Солай да солай, Жазушылар одағы бізден жауап күтіп отыр, — деп мән-жайды қысқаша түсіндірді де: — Сен барып менің атымнан Баукеңмен сөйлес, жауабын тек маған айт, — деді бетіме жайраңдай қарап.

Апырай, қиын болды-ау деймін өзімше. Қалай барамын, не деп барамын, есіктен кірмей жатып қуып шықса қайтпекпін. Түсінемін, Баукеңе сөздері өтпеген одақ басшыларының ендігі үміті — Орталық комитет. Егер ОК бұйырса, Баукең жиналыс­қа келеді деп ойлайтыны анық.
Амал жоқ, Баукеңе телефон соғып, “сізге барайын деп ем”, — дедім. “Келе бер”, — деді гүр етіп. — “Үйді таба аласың ба?”. — “Табамын”

Бардым. Есікті айдай сұлу жас әйел ашты. Залдан “мұнда кел” деген зілді дауыс естілді. Кірдім. Баукең креслода отыр екен. Қол беріп амандастым.

— Сен солдатсың, — деді Баукең. — Партияның солдатысың. Солдат бұйрықты орындауы керек. Келгенің дұрыс, қояр кінәм жоқ. Білемін, Жанділдин сенен жауап күтіп отыр. Ендеше, оған былай деп айтып бар: “Я наконец женился на свою жену”. Дәл осы­лай деп айтты де. Болды! Кругом! Шагом марш!

Жексембек Еркімбеков

Тағы да оқыңыз:

Бауыржан Момышұлы: Мен де екі жыл жер тепкілеп, ефрейтордан таяқ жеген солдаттың бірі болдым

Сен кімсің өзі?: Бауыржан Момышұлы журналиске не себепті ұрысқан?

Бауыржан Момышұлы туралы қызықты 13 дерек

Талқылау