Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мен қоғамға қауіп төндірмеймін": Қаңтар оқиғасы кезінде байқаусызда адам өлтірген әскери қызметкер Тоқаевтан көмек сұрады

Қаңтар оқиғасы кезінде Шекара қызметінің әскери қызметкері Мәди Қалантаев бұйрықты орындау барысында әскери техникамен байқаусызда адам қағып кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бүгінде болған оқиғаға қатысты әскери тергеу басқармасы Мәди Қалантаевты күдікті деп танып отыр. Осылайша істің сотқа өту қаупі бар. Әскери қызметкер оқиғаның қалай болғанын айтып, әлеуметтік желі арқылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады. 

"Қаңтар оқиғасы кезінде мен өзімнің әскери борышымды атқардым. 10 қаңтарда таңғы уақытта барлық БТР-ды елдің шекарасына жеткізу туралы бұйрық түсті, жаңа террористік актінің қаупі болды. Үш БТР техникасы үш түрлі бағытқа жол тартты. Сол БТР-дің бірін мен тізгідедім. Ол күні таңертең ауа райы тұман, жаңбырлы болды, жол дұрыс көрінген жоқ. Сонымен қатар, БТР-дың екі жағында әйнегі жоқ, ал алдыңғы терезесі кішкентай болғандықтан мен көшеден өтіп бара жатқан адамды байқамай, қағып кеттім. Бұл – ауыр трагедия. Бұл жағдай мәңгі есмде қалмақ. Мұны маған жіберілген ең үлкен сынақ деп білемін", –  дейді Мәди Қалантаев. 

Оқыс оқиға болған сәтте Мәди техниканы бірден тоқтатып, БТР ішіндегі әскерилердің бәрі сыртқа шыққан. Олар оқиға орнына жедел-жәрдем қызметі мен полицияны шақырған. Алайда 57 жастағы азамат санаулы сәттен кейін сол жерде көз жұмған екен.
Полиция мен жедел-жәрдем қызметі келгеннен кейін әскерилер өз қызметтерін атқаруға кеткен. Әскери қызметкерлер тәулік бойы жұмыста болғандықтан, қайтыс болған ер кісінің үйіне көңіл айтуға тек 10 күннен кейін ғана баруға мүмкіндік туған.

"БТР-де болған барлық жігітті барып көңіл айтып, кешірім сұратуға жіберді. Қайтыс болған кісінің отбасына барып, болған жайт үшін кешірім сұрадық. 4-5 күннен кейін қайтыс болған ер адамның әйелі хабарласып, мені кешіргенін және жағдайды түсінетінін жеткізді. Ұлы да кешірді. Менің де отбасым бар екенін түсінді", – дейді Мәди.

Десе де, әскери тергеу басқармасы 29 наурызда оны күдікті деп таныған.

26 жастағы Мәди Қалантаевтың Шекара қызметінде жұмыс істеп жүргеніне үшінші жыл. Әскери қызмкеткердің жары және 3 баласы бар.

Егер бұл іс Мәдидің пайдасына шешілсе, ол әскери қызметін бәрібір де тастамайтынын айтып, Мемлекет басшысынан көмек сұрады. 

"Мен қоғамға қауіп төндірмеймін, болған жайтқа өкінішпен қараймын. Маған елдің игілігі үшін қызмет етуге мүмкіндік беруіңізді сұраймын", – дейді ол.

 

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 05 Сәуір, 2022 16:37
Талқылау