"Мен де көбейгім келеді": Мәжіліс депутаты Баққожаев үй жануарларын стерильдеу әдісінің тиімділігіне күмәнданды
Мәжілісте "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң жобасына арналған дөңгелек үстел барысында депутат Анас Баққожаев үй жануарларын стерильдеу әдісінің тиімділігіне күмән келтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Бұл тақырыпты қозғаған кезде мәжілісмен Анас Баққожаев әріптестерін күлдіріп алды.
"Кез келген биологиялық тіршіліктің басты мақсаты – көбейіп, ұрпақ қалдыру. Мен де ұрпақ жалғастырғым келеді, бәрі көбейгісі келеді. Микробтар да көбейгісі келеді. Солай ма? Күлмеңіздер. Бірақ стерильдеу туралы айтқанда, біз жануарларды осы мүмкіндіктен айырамыз. Стерильдеуді талап етуді адамгершілікке сай әдіс деп санайсыздар ма?" – деп сұрақ қойды депутат.
Бұл мәселеге жауап ретінде заңгер және жануарларды қорғаушы Ольга Ченцова жануарлардың көбеюін бақылаудың маңызын атап өтті.
"Бәрі әрқашан көбейгісі келе бермейді, бұл бір. Адамдар да әрдайым ұрпақ сүйгісі келе бермейді. Ал иттер мен мысықтарға келсек, егер олардың көбеюіне үнемі рұқсат берсек, қаншама жануар пайда болады? Миллиардтар, миллиондар болатынын түсінесіз бе? (...) Сондықтан көбеюге рұқсат беру мүмкін емес", – деді Ченцова.
Зооқорғаушының айтуынша, жануарлар кастрациядан зардап шекпейді, керісінше, өзін жақсы сезінеді.
"Менің үйімде көшеден алынған үш ит бар, олардың бәрі кастрацияланған және өзін өте жақсы сезінеді. Олардың ешқайсысы көбейе алмайтынына қиналмайды, бұл – шындық. Сондықтан көбею туралы айтсақ, сандар геометриялық прогрессиямен өседі, бұл мүмкін емес нәрсе", – деп түсіндірді ол.
Осы сәтте әңгімеге модератор, депутат Еділ Жаңбыршин араласты.
"Ер адамдардан басқасын стерильдеуге болады дегеніңіз бе сонда?" – деп сұрады мәжілісмен.
"Иә, дұрыс түсініп отырсыздар. Біз стерильдеу, кастрация және сүндеттеуді ажырата білуіміз керек. Бұл – әртүрлі нәрселер. Сүндеттеу – пайдалы процедура, кастрация – гормоналды функцияны тоқтату, ал стерильдеу – басқа. Кастрацияланған иттер мен мысықтар шамамен бір жарым жылға ұзақ өмір сүреді. Себебі онкологиялық аурулардың және басқа да қауіптердің алдын алады. Сондықтан олардың ешқайсысы зардап шекпейді", – деп қорытындылады Ольга Ченцова.
Еске салайық, бұған дейін былтыр Қазақстанда үй жануарларын стерилизациялауды міндеттеу туралы жаңа ережелер енгізілетінін жазған едік. Бұл өзгерістер қоғамда түрлі пікірлер тудырды. Кейбіреулер стерильдеудің қаңғыбас жануарлардың санын азайтуға көмектесетінін қолдаса, басқалары бұл әрекетті жануарларға жасалатын қастандық деп санайды. Зооқорғаушылар, әсіресе, асыл тұқымды жануарларды стерильдеуді қажетсіз деп, денсаулық жағдайына байланысты жануарларға босату мүмкіндігін беру керек деп мәлімдеді. Сонымен қатар серуендету кезінде иттердің тұмсық жабуды міндеттеу туралы ұсыныс та көтерілді. Зооқорғаушылар қалада иттерді еркін серуендетуге арналған алаңдардың жетіспеушілігіне алаңдайды.