"Мен бұрын ақшаның түрін де көрмегенмін": Алматыдағы ең ерекше кафе қызметкерлері қайтадан өмір сүруді үйренгені туралы
Осыдан бірнеше жыл бұрын Анна Құдиярова бастаған отандық психоаналитика мамандары бірегей жобаны қолға алып, алдарына орасан зор мақсат қойды. Ментальды ауытқушылығы бар жандарды терапиядан өткізіп, қоғамның толыққанды мүшелеріне айналдыру. Бүгінде мамандар мен жобаға қатысушылардың ортақ еңбегі жүзеге асып, жемісін беріп жатыр. Оқшауланған интернат, ауруханадан ешқашан аттап шығып көрмеген жастар қайтадан қарым-қатынас орнатуды үйреніп, жаңа кәсіп меңгеріп, өз нандарын өздері тауып жеп жүр. Stan.kz тілшісі "Training cafe" әлеуметтік дәмханасында болып, қызметкерлерімен әңгімелесіп қайтты.
Алматы қаласындағы Мақатаев 125 мекен-жайы бойынша ерекше кафе орналасқан. Training kafe. Басында кәдімгі мыңдаған кафелердің бірі болып көрінгенмен, кейін қызмет көрсетіп жүрген даяшылардан көзі қырағы қонақ сәл өзгешелікті байқап қалуы мүмкін. Бұл – ментальды ауытқушылығы, мүгедектігі бар жастар.
Олардың барлығының психологиялық және интеллектуалдық мүгедектігі бар. Анна Құдиярова бастаған Қазақстан психоаналитиктері ассоциациясының бес жылдық еңбегінің арқасында қазір аспаз, даяшы болып жұмыс істеп, аула тазалау және ыдыс жуу секілді жұмыстарды атқарып жүр. Арнайы жоба мен аталған ұйымға мүше мамандардың үздіксіз жұмысының арқасында мемлекеттің қарауында болған азаматтар бүгінде өз қолы өз аузына жеткен адамдар, өздеріне қызмет көрсете алады, қалада емін-еркін жүріп-тұрады.
«Бұрын 10 мың, 20 мың түгілі, 1 мыңдық ақшаны да қолыма ұстап көрмеген едік, ал қазір ақша санай аламыз, дүкенде сауда жасаймыз, коммуналдық ақыны төлейміз», - дейді мақтанышпен жоба қатысушылары.
«Тренинг кафенің» басты мақсаты - арнайы әлеуметтік мекемелерде тұратын азаматтарды жұмысқа орналастыру, қоғамның толыққанды мүшесіне айналдыру, өмірге икемдеу. Жастармен жұмыс істейтін мамандар басында олардың ұяң, сөзге шорқақ болып келгенімен, кейін ашылып, ақырындап адамдармен араласа бастайтынын айтады.
Психоаналитикалық ассоциацияның жетекшісі Анна Құдиярованың айтуынша, бұл жоба арқылы қазір біз төлеп жатқан салықтың арқасында өмір сүріп жүрген жандар болашақта өздері де салық төлейтін жағдайға жетеді.
Күнделікті тыныс-тіршіліктері туралы білмек мақсатта бір-екі сұрақ қойғанымда, кафе қызметкерлері ұялып, бір-біріне сілтеді. Қасындағы досы, әріптесінің әңгімесіне қарап, қалғандары да өз хикаяларымен, жетістіктерімен бөліскісі келді.
Вадим есімді жігіт 26 жаста, жобада 2013 жылдан бері жүргенін айтады. «Көп нәрсе білмейтін едім, қалада өз бетіммен жүре алмайтынмын, басында Жандос-Айманов көшелерінің қиылысында ашылды, біріміз даяшы, біріміз аспаз болып тұрдық, мен аспаздың көмекшісі болдым. Ақырындап үйрене бастадым, әртүрлі тамақтарды дайындап, салат жасап үйрендім», - дейді ол. Вадим болашақта өзінің кәсібін дөңгелетіп, жеке дәмханасын ашуды армандайды. Жігіт жобаға келгелі өз-өзіне қызмет көрсете алатын жағдайға жеткенін, адамдармен тіл табысып үйренгенін айтады. Айына 80 мың теңге жалақы алатын азамат өз-өзін қамтамасыз етеді екен.
39 жастағы Жанар да көп нәрсені үйренгенін айтады. Тіпті картоп ашып, жұмыртқа пісіре алмайтын әйел біраз нәрсені меңгерген. Негізгі қызметі ыдыс жуу болып табылатын Жанар ешқандай жұмыстан қашпайды, жұмысымды қатты жақсы көремін, бір күн демалсам, сағынамын дейді. «Бұрын ақша санамақ түгілі, қолыма да ұстап көрмегенмін, қазір бәрін үйрендім, емхана, дүкенге бара аламын. Бәлкім ата-анам болмағасын ба, бірақ нәрседен мақұрым болдым», - деген жоба қатысушысы үлкен жеңістеріне қуанышты. Кезінде спортпен айналысқан Жанар қайтадан сүйікті ісін бастағысы келеді.
Михаил – 30 жаста, ол кафедегі барлық жұмысты орындай береді, асханада көмектеседі, ыдыс жуады, аула тазалығын қадағалайды.
Эрик картофель-фри жасап үйренгенін мақтанышпен бөліседі, қазір қамыр илеуді үйреніп жүр. Жуырда 23 жастағы жігіт баспаналы болыпты. Алдағы уақытта Эрик үйленіп, балалы-шағалы болуды армандайды.
27 жастағы Полинаның жобаға қосылғанына көп болмаған, бірақ біраз нәрсе үйренгенін айтады. Қазір «Барахолка» базарындағы нүктеде жұмыс істейді екен. Кейде жаңа нәрселерді үйрену қиынға соғатынын жасырмайды бойжеткен, бірақ беріліспеуге уәде береді. «Адамдармен араласқанды жақсы көремін, әрі қарай да үйренемін, тырысамын» дейді ол.
«Тренинг-Кафе» әлеуметтік жобасының үйлестірушісі Бақытжан Құдияров көп адамға мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыс істеп жүргенін бақылау қызық екенін айтады. Дегенмен мұнда жұмысқа тұрмас бұрын, болашақ қызметкерлер ұзақ дайындықтан өтеді.
«Олардың ерекшелігін байқайды. Ментальды ауытқушылығы бар жандар әдетте жай адамдардан қашуға тырысады, араласпайды. Бұл өз кезегінде сау адамдардың үрейін тудыруы мүмкін. Өзгерістер үшін екіжақты өзгеру қажет. Бір-бірімізді қабылдап үйренуіміз керек», - дейді ол. 6 жыл ішінде жоба бес бенефициарға іс-әрекетке қабілеттілігін заң жүзінде қайтарған.
Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған жоба үйлестірушісі Бақытжан Құдияров ментальды ауытқушылығы бар азаматтарды жұмыспен қамтуда туындап жүрген проблемалар мен ол жандарды емдеудегі дәрігерлердің көне әдістері туралы талқылаған. Президент барлық ұсыныстарды мақұлдап, барынша қолдауға уәде беріпті.
Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мәселесін шешуге жалғыз мемлекеттің қауқары жетпейді. Бұған арнайы жұмыс орындарын бөлеуге ынталы кәсіпкерлер де, ментальды мүгедектігі бар жандардан үрке қараймайтын халық та үлесін қоса алады.
Сырт көзге әлеуметтік кәсіпкерліктің бір үлгісі, қайырымдылық немесе психоаналитик мамандардың жәй ғана жобасы болып көрінгенмен, «Тренинг-кафе» - өте ерекше орын. Дүние есігін ашқаннан арнайы орындарда оқшауланып ұсталған, мемлекеттің мойнында болған, өз-өздеріне қызмет көрсете алмаған, қоғамға үрке қараған, көбінде ата-ана қамқорлығын көрмеген жандардың орасан зор еңбегі, әрқайсысының жеке жеңісі, мақтанышы және болашаққа деген үміті.
Дайындаған: Жанар Жансейіт
Сұхбатты сайтымыздың Youtube-каналынан көре аласыздар