Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Мен бұл заңсыз әрекеттерді тоқтаттым” – Серік Сәпиев орынбасарымен болған жанжалға қатысты мәлімдеме жасады

орынбасарымен жанжалФото:Қарағанды облысының спорт басқармасы

Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев өзіне қатысты соңғы даулы жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алдымен ол өзіне қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтып, халықтың қолдауы ол үшін ең үлкен құндылық екенін атап өтті.

Серік Сәпиевтің айтуынша, бұл жағдай жеке немесе тұрмыстық жанжал емес. Оның сөзінше, аймақта белгілі бір жасырын ықпалы бар адамдар тарапынан қысым жасалған. Атап айтқанда, облыстық спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, бұл іске оның орынбасары да қатысқан.

“Құрметті қазақстандықтар!
Ең алдымен, қолдау білдірген баршаңызға алғыс айтамын. Халықтың қолдауы мен үшін ең үлкен құндылық.
Болған оқиғаға қатысты нақты айта кеткім келеді: бұл жеке немесе тұрмыстық жанжал емес. Аймақта жасырын ықпалы бар кейбір адамдар тарапынан қарсылыққа тап болдым. Облыстық спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, оған менің орынбасарым да қатысқан. Мен бұл заңсыз әрекеттерді тоқтаттым, соның салдары осы жағдайға әкелді. Мемлекет басшысы айтқандай, қазақстандық спорттағы жүйелі реформаларды жүзеге асыру жолындағы мұндай арандатушылықтар біздің шешімімізді шайқалтпайды.
Баршаңызға рақмет! Қазақтың күші – бірлікте!” – деді Серік Сәпиев.

Айта кетейік, бұған дейін бірнеше күн бұрын Серік Сәпиевтің соққыға жығылғаны туралы ақпарат тараған еді. Алдын ала деректерге сәйкес, оған өз орынбасары, самбодан әлем және Азия чемпионы Дәурен Есімханов қол көтерді деген ақпарат тарады.


Олимпиада чемпионы Серік Сапиевті орынбасары соққыға жыққан


Серік Сапиевті ұрды деп айыпталған орынбасары бұған дейін де мінез-құлқы үшін "сөгіс естіген"


 

Аталған жағдайға байланысты Қарағанды облысының Полиция департаменті жанжал фактісін растады. Басқарманың мәліметінше, ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

“42 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. 21 қаңтар күні қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал болған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды”, – деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияров.

Ақерке Өмірхан
Дүйсенбі, 26 Қаңтар, 2026 08:00