Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мемлекеттік грант бойынша оқыған түлектердің 90 пайызы жұмысқа орналастырылмаған – Депутат

Ер адамФото: Stan.kz

Мәжіліс депутаты елімізде мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алған түлектердің 90 пайызы жұмысқа орналастырылмағанын айтып, дабыл қақты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутат Нұргүл Тау мәжіліс отырысында үкімет сұранысқа ие емес мамандарды даярлауға бюджеттен қыруар қаржы жұмсап отырғанын алға тартты.

"Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған түлектердің 90 пайызы жұмысқа орналастырылмаған, 35 мыңнан астам педагог жұмыссыз, ал 60 мыңының жұмыспен қамтылуы туралы деректер мүлде жоқ", – дейді ол.

Аудит деректері бойынша, педагогтарды даярлауға мемлекеттік тапсырыс жылдар бойы нақты қажеттілікті есепке алмай, тиісті мониторингісіз және еңбек нарығындағы нақты жағдаймен байланыссыз қалыптастырылады.

"2022 жылы қажеттілік 7,5 есе, 2023 жылы 9,3 есеге артқан. Үш жыл ішінде бұл бюджеттің 31,8 млрд теңгеге немесе 13905 қосымша грантқа артық шығындалуына әкеп соқтырды. ...Неліктен үкімет мемлекеттік білім беру жүйесінде сұранысқа ие емес мамандарды даярлауға миллиардтаған қаражат жұмсайды? Қандай қателіктер кетті?", – деп сұрады депутат ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектен.

Министр мемлекеттік тапсырыс еңбек министрлігі берген болжамға сәйкестендірілгенін, қазір кадрлардың сапасына баса мән беріліп жатқанын атап өтті. Алайда оның жауабына мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың көңілі толған жоқ.

"Жоқ, сіз нақты депутаттың сұрағына жауап берсеңізші. Қанша түлек оқуын грантпен бітірді? Қанша пайызы жұмысқа орналасты? Депутат 90% деп отыр. Министр мырза, бұл – өте маңызды мәселе. Ол мемлекеттің ақшасы далаға шашылып жатыр деген сөз", –  деді Қошанов.

Саясат Нұрбек бұл 2019-2022 жылдары болған деректер екенін жеткізді.

Аида Тақабаева
Бейсенбі, 19 Маусым, 2025 18:14
Талқылау