Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мемлекеттік қызметкерлерден парақшаларына референдумды қолдайтын сурет жүктеу талап етілуде: Депутат пен вице-министр жағдайға қатысты пікір білдірді

Фото: freepik.com

Әлеуметтік желіде мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінен конституциялық өзгерістерді қолдау мақсатында желідегі парақшаларына тақырыптық фотосуреттер жүктеу талап етіліп жатқаны туралы хабарламалар тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тараған хабарламаларда мемлекеттік қызметкерлер суреттерін өңдеп, желіге жүктеген соң басшылыққа есеп беруі қажет екені де айтылған. 

Фото: Әлеуметтік желіден 

Сенат депутаты Ольга Булавкина және энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов BES.media басылымына берген жауабында желіде тараған ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

Олар мұндай талаптармен бетпе-бет келмегендерін және бұл жөнінде ешқандай тапсырма алмағандарын айтты.

Жеке парақшасына референдумға қатысты сурет жүктеген Ольга Булавкина профиль суретін өз бастамасымен орнатқанын айтты.

Фото: facebook.com/Ольга Булавкина

"Егер адам үшін референдумға қатысу маңызды болса, ол профиль суретін өз қалауымен қояды. Мен өзім сондай профиль суретін алуға болатын сайтты тауып, өзім орнаттым. Мені ешкім мәжбүрлеген де, сұраған да жоқ", – деді сенатор.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов та мұндай тапсырмаларды алмағанын әрі өзі де ешкімге бермегенін мәлімдеді.

"Маған ондай тапсырма түскен жоқ. Біз ондай тапсырма алған жоқпыз, профиль суретін де қоймадық, әрі мен өзім де ешкімге ондай тапсырма берген емеспін", – деді вице-министр.

Еске салсақ, бұған дейін референдумға қатысты сауалнама жүргізген екі қазақстандыққа айыппұл салынғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 19 Ақпан, 2026 22:54