Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның 27 триллион теңге қарызы бар: Мемлекеттік қарыз қалай пайда болады және оны азайтуға бола ма?

2024 жылғы 1 қаңтардағы ақпарат бойынша, Қазақстанның қарызы 27 триллион теңгеге жетті. Бұл Қазақстан үшін көп пе, мемлекеттік қарыз деген не? Оны не үшін алады және борышты қалай азайтуға болады? Stan.kz агенттігі экономистермен тілдесіп, тақырыпты тарқатып жазады.

Фото: Stan.kz

Мемлекеттік қарыз деген не?

Мемлекеттік қарыз – бұл елдің басқа елден, компаниялардан, резиденттерден, ұйымдардан қарызға алған ақшасы. Оны мемлекет белгілі бір күнге дейін міндетті түрде пайызымен бірге өтеуі керек. Мемлекеттік қарыз сыртқы және ішкі болып бөлінеді.

Сыртқы қарыз – елдің басқа мемлекеттен, халықаралық ұйымдардан, шетел азаматтарынан алған борышы.

Ішкі қарыз – ел резиденттерінен, жергілікті банктер мен компаниялардан алған борышы. Екеуінің негізгі айырмашылығы – сыртқы қарыз шетелдік кредиторлармен, ал ішкі қарыз отандық кредиторлармен байланысты екенінде.

Азаматтар мемлекеттен облигацияларды сатып алып, ақшасын мемлекетке қарызға бере алады. Оның пайызы қаншалық төмен болса, соншалық ел экономикасына тиімді.

Ұлттық банктың да қарызы мемлекеттік қарыз болып есептеле ме?

Экономист, аналитик Диас Құмарбековтың айтуынша, мемлекеттік қарызға үкіметтің, Ұлттық банктың және жергілікті атқарушы органдардың қарызы жатады.

"Ұлттық банк орталық банктың функцияларын орындап, елдің ақша-несие саясатына жауапты болғандықтан оның қарыздары мен қарыздық міндеттемелері де мемлекеттік қарыздың жалпы сомасына қосылады. Өйткені олар елдің қаржылай тұрақтылығына әсер етеді", – дейді аналитик Диас Құмарбеков.

Диас Құмарбеков. Фото жеке архивінен

Мемлекет не үшін қарыз алады?

Мемлекет қарызды бюджетте қаржы тапшы болғанынан және экономиканы қолдау үшін алады.

"Мемлекет бюджет тапшылығын қаржыландыру, инфрақұрылымға инвестиция салу және экономиканы қолдау үшін қарыз алады. Қазақстан қарызды көбіне әртүрлі сала мен инфрақұрылым жобаларды дамыту үшін алады. Мысалы, жолдар салу, энергетика жүйелерін жаңғырту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту көп қаржы салымдарын қажет етеді. Олар қарыздар арқылы өтеледі. Бұл шаралар ұзақ мерзімді экономикалық өсуді және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді", – дейді маман.

Қазақстан қарызы. Көрсеткіш қандай?

Қаржы министрі Мәди Такиевтің үкімет отырысынан соң өткен баспасөз мәслихатында айтуынша, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттің қарызы 27 триллион теңгеге жетіп отыр. Бұл былтырға қарағанда көп.

Дереккөз: Қаржы министрлігі

27 триллион теңге. Бұл көп пе?

Дүниежүзілік банктің зерттеуі бойынша, мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы 77%-дан асса, ел экономикасына зиянын тигізуі мүмкін. Қазақстан билігі елдің 2030 жылға дейін макроэкономика жағдайы мен экономикасының дамуын ескере отырып, қарыздың жалпы ішкі өнімге қатынасының лимитін 32% деп белгіледі. Ал Қазақстанның 2024 жылдағы қарызы ЖІӨ қатынасы бойынша 22,8%-ды көрсетіп тұр. Осылай, министрлік қарыз мөлшерінің шектен тыс емес екенін алға тартып отыр.

Дегенмен экономист Диас Құмарбеков Қазақстанның қазіргі қарызының сомасын қомақты деп санайды.

"Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 25,666 триллион теңге екенін ескерсек, 27 триллион теңге – өте көп ақша. Бұл мемлекеттік қарыз елдің ЖІӨ-нен жоғары екенін білдіреді. Алайда тек абсолют мәнді ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің бұл қарызды өтеу қабілетін және қарыздық міндеттемелердің елдің экономикалық мүмкіндіктеріне қатынасын ескеру маңызды. Жоғары қарыз қауіп тудыруы ғажап емес, бірақ ол тиімді пайдаланылса, бұл экономиканың дамуына ықпал етуі мүмкін", – дейді маман.

Ал тәуелсіз экономист Марат Абдурахмановтың айтуынша, 27 триллион теңгені ғана айту дұрыс емес. Себебі бұл – тек таза қарыз. Ал мемлекеттің жалпы қарызы 162 триллион теңге және сол сомаға назар аударылуы керек.

Қазақстан көбіне шетелге емес, ел резиденттеріне қарыз. Мемлекеттің ішкі қарызы 19,066 триллион теңгеге жетті. Аналитик Диас Құмарбековтың айтуынша, бұл капиталдың елден кету қаупін төмендетеді және қарызды басқаруға көмектеседі. Дегенмен тәуелсіз экономист Марат Абдурахманов бұған келіспейді. Оның сөзіне қарағанда, елдегі квазимемлекеттік сала бойынша істейтін компаниялардың салдарынан мемлекетте ішкі қарыз көбейіп жатыр. Ал қазіргі жағдайда ішкі қарыз сыртқы түрінен қауіптірек.

Үкімет 2014-2025 жылдары Ұлттық қордан компанияларға миллиардтап, долларлап, теңгемен 0,1 мөлшерлемесімен ақша беріп, ақыры 2024 жылда қайтарып алды. Бұл ішкі қарыз болып есептеледі. Ал халықаралық стандарт негізінде бұл байланысқан тараптардың операциясы болып саналады. Мұндай байланысқан тараптар операциясы тиімсіз. Себебі компаниялар, банктер көп пайызбен қарыз алып, аз пайызбен қайтарады. Мысалы, 2015 жылы үкімет Ұлттық қордан БТА және Халық банкқа 10-15 миллиард доллар берді. Биыл Халық банк Казкоммерцбанктағы қарызын төлеп бітті. Бірақ үкіметтің қайтарып алған соммасы аз. Сөйтіп ұтылып қалды", – дейді Марат Абдурахманов.

Десе де, үкімет мемлекеттік қарыздың болғаны қалыпты нәрсе екенін, тіпті инвесторлардың сенімі үшін маңызды фактор екенін бірнеше рет айтты. Экономист Құмарбеков те бұған келіседі. Өйткені оның айтуынша, инвестицияларды тартуға және экономикалық өсуге ынталандыруға мүмкіндік береді.

"Қарыздар маңызды жобаларды қаржыландыруға және уақытша бюджет тапшылығын жабуға көмектеседі. Алайда қарыз деңгейін және қарыз қаражатының тиімді жұмсалып-жұмсалмай жатқанын қадағалау маңызды. Қарыз ұтымды пайдаланылып, жоғары қайтарымы бар жобаларға бағытталса, бұл экономиканың дамуына және халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді", – дейді маман.

Басқа елдерде көрсеткіш қандай?

2024 жылғы 1 сәуірдегі ақпарат бойынша, Ресейдің мемлекеттік қарызы – 304,0 миллиард доллар. Ресей жыл басынан бері қарызының сомасын 4,1% төмендеткен. Ал Өзбекстанның қарызы 35 миллиард долларға жетті. Тәжікстанның борышы 3,6 миллард доллар болып, елдің ЖІӨ-нің 30,2%-ына тең. Ал қарызы ең көп мемлекет қатарына Жапония, Греция, Италия, АҚШ, Бразилия, Франция кірді.

Дереккөз: Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы

Мемлекет қарызын қалай азайтуға болады?

Диас Құмарбеков мемлекеттік қарызды азайту үшін бюджет кірістерін арттыру, шығыстарды оңтайландыру, инвестицияларды тарту және экономикалық өсуді ынталандыру керек екенін айтады.

"Мысалы, салық әкімшілігін жақсарту және салық төлеуден жалтаруға қарсы күрес бюджеттік түсімдерді арттыра алады. Сондай-ақ қарыз қаражатын тиімді пайдалану және оларды ұзақ мерзімді экономикалық пайда әкелетін жобаларға инвестициялау маңызды. Бұдан басқа, қарызды қайта құрылымдау және кредиторлармен келіссөздер жүргізу қарыз ауыртпалығын азайтуға көмектеседі", – дейді ол.

Айта кетері, қаржы министрлігінің мәліметінше, мемлекеттің қарызы өскен сайын, оны төлеуге бөлінетін ақша да көбейеді. "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң бойынша, мемлекеттік қарызды өтеуге мынадай қаражат қарастырылған:

2024 жылы – 2022,6 миллиард теңге;

2025 жылы – 2449,9 миллиард теңге;

2026 жылы – 3524,1 миллиард теңге.

Экономист Тимур Абдурахманов мемлекеттік қарызды азайту үшін елдегі квазимемлекеттік сала бойынша істейтін компанияларды жабу керек деп есептейді.

"Квазимемлекет саласында істейтін компаниялардың қарызы белгісіз. Осы квазимемлекеттік компаниялар арқылы қанша ақша елден шығып жатқаны белгісіз. Олардың жұмысы тоқтаса, оларға қарыз беру тоқтатылса, мемлекеттік экономикасы әлдеқайда жақсаратын еді. Мәселен, елдегі ең төменгі жалақы 85 мың емес, кемінде 300 мың болар еді. Бір жылда қажет мектеп, ауруханалар салынатын еді", – дейді экономист.
Талқылау