Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мемлекеттік арнада істеу мен үшін ұят": Танымал тележурналист еліміздегі БАҚ туралы

"Қазақстан" ұлттық арнасында көп жыл бойы жұмыс істеп, жуырда қызметінен кетуге шешім қабылдаған танымал журналист Ербол Мәндібек не үшін мемлекеттік арнадан кеткенін айтты. Ол бұдан былай "Ұлттық арнада" жұмыс істеуді ар санайтынын жеткізді. Stan.kz тілшісі Ерболмен байланысып, беделді қызмет орнынан кету себебін сұрап білді.

ербол мәндібек

Мемлекеттік телеарнадан кетуге мәжбүр болдым деген журналист Ербол Мәндібек онда істейтініне арланатын көрінеді. Оған себебі де жоқ емес.  

"Себебін қысқаша түсіндірейін. Менде екі таңдау болды. Біріншісі, үндемей ғана тыныш жүріп үкіметтен келген тапсырманы тып-типыл қылып орындап, жақсы жалақы мен сыйақы алу. Екіншісі, азаматтық ұстанымда қалу, қоғамның дертін, биліктің көзге ұрған кемшілігін жазу, сөз бостандығына үлес қосу. Пәрменсіз үкіметтің істеп отырған ісі кейде кеңірдекке өксік болып тығылады. Осындай жағдайда мемлекеттік телеарнада жұмыс істеу мүмкін бе? Бағым ба, сорым ба білмеймін, мен екінші жолды таңдадым", - деп түсіндірді Facebook-те жазған постында. 

Ерболдың сөзіне сенсек, мемлекеттік арнада жүріп алған алғыс хаттары мен марапаттары жеме-жемге келгенде түкке пайдасы болмай қалған. Екіжақты келісім болғанымен, ит қуғандай кеттім деген ол қазіргі БАҚ-тың жай-күйі туралы аса жоғары пікірде емес. 

"Мемлекеттік БАҚ қоғам алдындағы өзінің маңыздылығын жоғалтты. Бұған басты бірнеше себеп бар. Біріншіден, қоғамның ақпараттық талғамы өсті. Бұрынғыдай, қызыл сөзге құралған пафосты ешкім көрмейді, оқымайды. Екіншіден, қоғамда әлеуметтік қысым күшейіп тұр. Адамдар неге ашушаң болып кетті? Осыны зерттеген біреу бар ма? Жағалай жұмыссыздық, оның үстіне кредиттері алқымнан алып тұр. Ел сенген әкімдер мен министрлер ұрлықпен ұсталып жатыр. Кеше ғана ұлттық қордан алынған 10 млрд доллар қайда кетті? 4,4 трлн теңгенің 400 млрд-ын халыққа ырымдап-жырымдап таратты. Қалған ақша қайда? Банктердің барлығы - алаяқ. Жаһанда жоқ процент қосып, халықты ашық тонап отыр. Мемлекеттік телеарналар, газеттер, радиолар осының барлығына көз жұмып отыр", - дейді налыған Ербол Мәндібек.

ербол мәндібек

Жұмыс орындарын ашу, аурухана, мектеп, зауыт, жол салу мемлекеттің негізігі міндеті бола тұра, ши басын сындырса, әріптестерінің шапқылап кететініне көңілі көншімейді. Сөз бостандығы туралы айтудың өзі қазіргі уақытта "жындылық" болып есептелетінін жасырмайды. 

"Журналистің негізгі міндеті - халықтың проблемасын билікке жеткізу. Бізде бәрі керісінше. Халық ашуланып көшеге шықса, себебін сұрамастан, "сұмпайы" қылып көрсетеді. Осының бәрін айтып отырған менің өзімді де жынды көре бастады ендігі", - дейді журналист.

Мемлекеттік БАҚ туралы ізденіп, зерттеймін деген Ербол жұмыстан шыққалы хәл сұрауға жарамаған әріптестеріне өкпелі. Ендігі уақытын ол мемлекеттік бюджеттен қаржы алып, жұмыс істеп отырған БАҚ-тардың қызметін зерттеп, халықаралық ұйымдарға хат жазбақ.

"Мен қазір халықаралық ұйымдарға хат әзірлеп жатырмын, алдағы 1-2 айдың көлемінде мемлекеттік БАҚ жөнінде жақсылап ізденемін деп отырмын. Қазақстанда, сөз бостандығы туралы айту - әзірше психтардың ісі. Амал жоқ, америкалық, еуропалық ұйымдардың көмегіне жүгіну керек. Мемлекеттік телеарнадан жұмыстан кеткеніме бір ай болыпты, осы уақытқа дейін халімді сұраған бір адам болмады. Бәрі қорқады жұмыстан шығып қаламын ба деп, осыдан-ақ, біздегі журналистің еркіндігі қандай деңгейде екенін ойлай беріңіз!" - деп қайырды Ербол. 

Ақпарат министрлігі мен мемлекеттік арналарға қырғидай шүйліккен Ерболға қысым болып жатқан жоқ па деп сұрағанымызда ол ешқандай қысымның болмағанын айтады.

"Егер менің айтқандарым заңға қайшы болса немесе қылмыс жасап жүрсем қысым болар еді. Жоғары жақтан ешқандай қысым болып жатқан жоқ. Мен бәрін қалай бар солай жазып, айтып жүрмін", - дейді журналист. 

ербол мәндібек

Оның сөзіне сенсек, қазір мемлекеттік БАҚ-тың журналистеріне ешкім сенбейтін дәрежеге жеткен. Көпбалалы аналар билікке талабын айтқанда "талай журналист жігіттер тасада тығылғанына" ашынады. Көмек іздеп, шарқ ұрған халық бүгінгі таңда тәуелсіз журналистерді іздейтін көрінеді.

"Қазір проблемаға тап болған адамдар тек тәуелсіз журналистерді іздейді немесе өздері әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шығады. Шын мәнінде, халықтың ақшасына күн көрген телеарналар күндік-түні халықтың мұңын айтуы тиіс. Жарбаңдаған жағымпаздар жайлаған жерде одан әрі жұмыс істеуге арым жібермеді. Әңгіменің ашығы осы. Азғантай мансапқа малданған жігіттердің жеме-жемге келгенде сатып кеткені әлі өзегімді өртеп тұр. Ол туралы алдағы уақытта жазармын және кез-келгенде жерде "биліктің құлақкесті құлысыңдар" деп беттеріне айтамын", - деп қадап айтты ол. 

15 жылдан бері мемлекеттік БАҚ-та қызмет атқарып келген ол қазір мемлекеттік арнада жұмыс істеу деген абырой емес екенін түсінген. Желілерде жазып жүрген уытты сөздері мен ұлттық арнадан өз еркімен кетуі бұрынғы әріптестері үшін үлгі болуы керек деп есептейді ол.

"Мемлекетік БАҚ-тан өз еркіммен шығып кетіп, өзге әріптестеріме үлгі көрсеттім деп ойлаймын. Әріптестерімнің беттеріне де басып айта аламын, өздеріне жазып та жүрмін. Биліктің сөзін сөйлеп, күн көргенше, аш жүрсем де халықпен бір болғаным жақсы. "Журналистің арқалағаны - алтын, жегені - жантақ" деген Шерхан ағамыздың сөзінде көп мән жатыр", - дейді ол. 

Ерболдың ойынша, мемлекеттік арналарға жұмысқа орналасқан журналистер "аузын буған өгіздей" қалыпқа түседі. Өмірінің біршама бөлігін "Ұлттық арнадағы" қызметіне арнаған журналист бұдан былай бұл қызметі "беделіне нұқсан келтіреді" деп шешкен.

"Мен үшін мемлекеттік телеарнада жұмыс істеу - ұят, әрі беделіме нұқсан келетін жағдай. Өйткені қай жерге барсаң да мемарнада жұмыс істеймін деп айтсаң, кекетіп-мұқатып күледі. Мемлекеттік арнаға кіргенде журналистер "мемлекеттік қызметкерді сынауға, абыройын төгуге болмайды" деген келісімге қол қояды. Міне осы талапты алып тастау керек. Осы шарт көп журналистің аузын буып, аяғын байлап тұр. Бәрі күнкөрістің соңында жүр, бала-шағасын асырағысы келеді, түсінемін. Дегенмен де азаматтық ар, азаматтық ұстаным деген болуы керек. Өтірік жалтырап, екіжүзді болып жүргенше ашық жүрген абзал", - дейді Ербол Мәндібек.  

Ербол журналистиканы түбегейлі тастап кетпейтінін айтады. Ол енді тек тәуелсіз журналист ретінде ғана жұмыс жасауды жоспарлап отыр, дегенмен қазірдің өзінде түрлі орындардан ұсыныс түсіп жатқан көрінеді. 

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Талқылау