Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жақсының жақсылығын айт": Тоқаев Назарбаевтың еңбегін ұмытпауға шақырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы 2024 жылғы мемлекеттік сыйлығын табыстау барысында сөз сөйлеп, Назарбаевтың еңбегіне тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Reuters

Ол Республика күніне орай тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевты атап өтті. Сөзінше, қазіргі Қазақ мемлекетін құру ісінде Назарбаев шешуші тарихи рөл атқарған. Ол тұңғыш президенттің ел үшін жасаған қызметін ұмытпауға шақырды.

“Ел үшін жасалған қызмет ешқашан ұмытылмауы керек, ел жадында сақталуға тиіс. Бұл – еліміздің болашағы үшін өте маңызды. "Жақсының жақсылығын айт" деген халқымыз. Бүгінгі тарихқа әділ баға берілуі үшін кешегі тарих әділ бағалануға тиіс”, – деді президент.

Сондай-ақ қоғамдық тәртіп мәселесіне тоқталды. Тоқаевтың сөзінше, бейбітшілік пен дамудың түп негізі отбасындағы тәрбиеден, көшедегі тазалықтан, қоғамдағы бірліктен бастау алады. Ол елде заң мен тәртіп үстем тұратынын түсіндірді.

“Бұл – біздің айнымас қағидатымыз. Ол қоғамдық санада тамыр жаюға тиіс. Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін қажет. Әрине, заңның қатаңдығына наразылық білдіріп, "қылбұрау салып жатыр" деп ойлайтын адамдар табылады. Бірақ жазадан жалтарып, жүгенсіз кеткендер – халық пен ел мүддесіне қарсы адамдар. Мемлекет қылмысқа "мүлдем төзбеушілік" қағидатын іске асыру үшін шара қабылдауды жалғастырады. Бұзақылықпен және ұйымдасқан қылмыспен күреседі” – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бірлігі мықты ел болсақ, көк паспорт мықты әрі қуатты болатынын айтты.

“Бір-бірімізге тілектес болайық, өзара құрметпен қарайық, қадірлейік. Кез келген қиындыққа қарсы тұрып, ел үшін, жер үшін бірге еңбек етейік. Халқы – біртұтас, болашағы – жарқын Әділетті Қазақстанды бірге құрайық. Азаматтарымыз барлық салада әрдайым әділдік болғанын қалайды. Ол үшін әркім әділдікті, ең алдымен, өзінен бастауы керек. Сонда қоғам да, бүкіл мемлекеттік жүйе де әділ болмақ”, – деді ел басшысы.

Бұған дейін Тоқаевтың бірқатар өнер қайраткерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттағаны айтылды. 

Талқылау