Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мемлекеттен қолдау жоқ": Оралдағы балабақшалар субсидия бөлінбегендіктен жабылмақ

Оралдағы 15-ке жуық балабақшаға уәде етілген субсидия бөлінбеген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап.

балабақша

2021 жылы Орал қаласында 14 жеке балабақша ашылды. Қалада мұндай мекемелерге сұраныс жоғары, өйткені қазір 10 мыңнан астам бүлдіршін кезекте тұр. Жаңа балабақшалардың ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға да жағдай қарастырылған. Мекеме басшыларының айтуынша, бұған айтарлықтай қаржы керек және олар мемлекеттік субсидиясыз жұмыс істей алмайды.

Балабақшалардың бірінің директоры оларға ай сайын екі миллион теңге көлемінде қолдау керек екенін атап өтті.

"Өкініштісі, мемлекеттік қолдау жоқ. Өткен жылдан бастап бұл бойынша жұмыс істеп, мәлімдемелер жаздық. Бірақ биыл ешқандай байқау болмады. Қалалық және облыстық оқу бөлімінің инспекторына бардық, алайда облыс әкіміне кіре алмай жүрміз. Олардың барлығы облыстық бюджеттен ақша бөлінбей жатқанын айтады", - дейді балабақша директоры Гүлнұр Төлеген.

Ашылған 14 балабақшада 100-ден астам адам жұмыс істейді. Балабақша жабылса, олардың бәрі жұмыссыз қалып, мыңға жуық бала орындарынан айырылады. Директорлардың бірі жалдау ақысы мен қызметкерлердің жалақысын төлеу үшін пәтерлер мен үйлерін сатқанын атап өтті.

Білім басқармасы балабақшалар алдындағы қарыз сомасы 252 миллион теңгені құрағанын хабарлады. 

"Ағымдағы жылы облыстық бюджет комиссиясына бюджеттік өтінім берілді. Бірақ бүгінгі күні  өтініміміз қолдау таппады, осыған байланысты келесі жылға береміз", - деді БҚО білім басқармасының бөлім басшысы Клара Меңдіғалиева.

Ведомство биыл ашылған балабақшаны 2023 жылы қаржыландыруға ниетті екенін атап өтті. Мектеп жасына дейінгі балалардың төрттен бірі әлі кезекте тұр.

Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 19 Қазан, 2022 09:00
Талқылау