Мәжіліс депутаттарының бұрын сотты болғаны туралы ақпарат тарады
Коллаж stan.kz
Желіде сонау 2003 жылғы 17 қарашада Алматыдағы Медеу аудандық соты "СолДАТ" газетінің бұрынғы бас редакторы Ермұрат Бапиді бухгалтерлік есеп жүргізбеу және салық төлемеу арқылы мемлекетке 9,8 млн теңге залал келтірді деп танып, 1 жыл шартты жаза тағайындап, 5 жылға баспа қызметімен айналысуға тыйым салған құжат жарияланды.
Құжатта айтылғандай, ЖШС-ның құжаттары жалған тұлғалар арқылы тіркелгені анықталған, ал ұйымды 2001 жылдан бері Бапидің өзі басқарған. Қазақстан заңында сотты болған азаматтың мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынғанын ескерсек, бұл заңға қайшы әрекет. Stan.kz тілшісі қазақстандықтарды толғандырған осы мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясына ресми сауал жолдады.
2003 жылғы 17 қарашада Алматыдағы Медеу аудандық соты журналист және "СолДАТ" газетінің бұрынғы бас редакторы Ермұрат Бапиге қатысты қылмыстық іске үкім шығарған. Тергеу деректері бойынша, ол 2001–2002 жылдары газетке тиесілі ЖШС қаржылық құжаттарын жүргізбей, салық органдарына есеп тапсырмаған.
Газеттің артына тіркелген ЖШС бірнеше жыл бойы бухгалтерлік есепті рәсімдемеген, ал салық декларациялары мүлдем тапсырылмаған.
2001 жылы директор жұмысынан кеткеннен кейін ұйымның құжаттары мен мөрі Бапидің қолына өткен. Осы уақыттан бастап ол іс жүзінде серіктестікті өзі басқарған.
Сол кезеңдегі тапсырылмаған есеп салдарынан мемлекетке шамамен 9,8 млн теңге салық түспеген.
ЖШС құрылтайшысы деп көрсетілген кей адамдар ұйымға еш қатысы жоқ екенін айтқан. Сараптама олардың қолдарының жалған қойылғанын растады. Осы себепті жалған кәсіпкерлік бойынша айып дәлелденбей, Бапи бұл бап бойынша ақталған.
Сонымен сот 2001–2002 жылдары Бапи ұйымды өзі басқарғанын, бухгалтерлік есептің толық жүргізілмегенін, заңмен талап етілетін декларациялардың тапсырылмағанын,бюджетке ірі көлемде зиян келгенін анықтады.
Ермұрат Бапи 218-бап “Бухгалтерлік есепті жүргізбеу арқылы ірі зиян келтіру”, 222-бап салық декларациясын табыссырмай, салықтан жалтару бойынша кінәлі деп танылды. Ол 1 жыл бас бостандығынан айыруға сотталып, 5 жыл мерзімге баспа ісімен айналысуға тыйым салынып, 21 800 теңге айыппұл салынды.
Алайда жаза шартты деп белгіленді. Оған 1 жылдық сынақ мерзімі тағайындалды.
Сонымен қатар мемлекетке келтірілген зияннан бөлек 112 000 теңге сот шығындарын өтеу, “СолДАТ” ЖШС-ға 9 839 714,25 теңге салық берешегін өтеу міндеттелді
Орталық сайлау комитетінің мәліметінше, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңның 86-бабына сәйкес, Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін азамат Конституцияның 51-бабының 4-тармағында көрсетілген талаптарға сай келуі және Конституцияның 33-бабының 2–3-тармақтарына сәйкес сайлау құқығына ие болуы тиіс.
Конституциялық заңға сәйкес, сайлауға мына азаматтар қатыса алмайды:
- сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған тұлғалар;
- сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында отырғандар;
- сотталғандығы өтелмеген немесе алынып тасталмаған адамдар;
- сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе құқық бұзушылық жасағаны сотпен танылған тұлғалар.
Бұл азаматтар Парламент депутаттығына кандидат бола алмайды (Конституциялық заңның 4-бабы 3–4-тармақтар).
“Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясынан алынған ақпаратқа сәйкес Бапи Ермұрат Сейтқазыұлы өзін-өзі ұсыну жолымен № 3 бірмандаттық аумақтық сайлау округі (Алматы қаласы) бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат болуға ниет білдіргені туралы өтініш берген. "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 60-бабының 4-тармағына сәйкес бұл түсіндірменің міндетті заңдық күші жоқ және ұсынымдық сипатқа ие", - делінген Орталық сайлау комиссиясы жауабында.
Сонымен қатар, БАҚ-та мәжіліс депутаты Болатбек Әлиев саясатқа келмес бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылса да, қазір мемлекеттік қызмет атқарып жүргені туралы ақпарат тарады. Журналист Михаил Козачков бұған дейін жемқорлыққа қатысты қылмысы үшін сотты болған мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлына қатысты (Әлиев) шулы жазба жариялады. Мемлекеттік қызметкердің бұрынғы қылмысы не себепті ескерусіз қалғанын білгісі келген ол Бас прокуратуға ресми сауал жіберген. Алайда жауап ала алмаған.
Ақпарат бойынша, 2001 жылы Сарыағаш аудандық соты Шекара қызметінің Оңтүстік Қазақстан бойынша департаментінің басқарма басшысы болған болған кезде Болатбек Әлиев (Болатбек Нажметдинұлы) лауазымын асыра пайдаланып, ұрлап, ресми құжаттарды, мөрді бүлдіріп және жойғанын анықтаған. Ол кінәлі деп танылып, үш жылға сотталған. Кейін рақымшылық заңымен босатылды. Соңғы шешім 2003 жылы 17 наурызы күні шыққан.
Соңғы қылмыстық істердің бірі “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы Абылай Мырзахметовке қатысты іс. Ашық деректерге сенсек, Мырзахметов ұзақ жылдар бойы депутат Нажметдинұлы мен оның серіктестерімен бірлесіп, миллиардтаған несие мен гранттарды қолма-қол ақшаға айналдырып, оларға ең тиімді жер телімдерін бөліп отырған. Соның ішінде 2013 жылы 500 гектар ауыл шаруашылығы жері және 2021 жылы 684 миллион теңге субсидия берілген.
Ресми деректерге сәйкес, биыл мамыр айында Абылай Мырзахметов алаяқтық және кәсіпкерді аса ірі көлемде пара беруге итермелеу дерегі бойынша ұсталған. Ол бұл әрекетті туысының қылмыстық жауапкершіліктен босатылуына көмектесу үшін жасаған делінеді, деп хабарлады Антикор.
ИПС “Параграф” деректеріне сенсек, Мырзахметов 2001 жылдың қарашасынан бастап ҚР Көлік және коммуникация министрі қызметін атқарған. Бірақ 2002 жылдың наурызында қылмыстық іс тергеліп жатқан уақытта қызметінен шеттетілген. Сол жылдың маусымында ол қамауға алынып, 2003 жылдың мамырында мемлекеттік мүлікті жымқыруды ұйымдастырғаны үшін шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленген.
2013 жылдың қыркүйегінен бастап Абылай Мырзахметов “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы қызметін атқарды. Ал өткен жылдың ақпанында ол бұл қызметтен өз еркімен кетті.
Ресми сайттағы ақпаратқа сәйкес, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы “Атамекен” — үкімет пен мемлекеттік органдар алдында бизнес мүддесін қорғау және келіссөз жүргізу қабілетін арттыру мақсатында құрылған коммерциялық емес ұйым.
Бұрын соңды сотты болған азаматтың мемлекеттік қызметте жүргені көпшіліктің тарапынан түрлі сауал тудырды. Орталық сайлау комиссиясы оның кандитаттығы заң талаптарына сәйкес келетінін айтты.
“Шымкент қаласының аумақтық сайлау комиссиясынан алынған ақпаратқа сәйкес Нәжіметдинұлы (бұрын – Әлиев) Болатбек өзін-өзі ұсыну жолымен №7 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша парламент мәжілісінің депутаттығына кандидат болуға ниет білдіргені туралы өтініш берген. Құжаттарды қабылдау және тексеру барысында №7 округтік сайлау комиссиясы уәкілетті органдардың жауаптары, оның ішінде Шымкент қаласы бойынша Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті басқармасының жауабы негізінде Б. Нәжіметдинұлы Конституцияда және Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтады, осыған байланысты оны парламенті мәжілісінің депутаттығына кандидат ретінде тіркеді”, - деп мәлімдеді Орталық сайлау комиссиясы.
Қазақстанда тұрғын үйлердің сапасын кім тексереді және өз үйінің қауіпсіз емес екенін білгендер қайда жүгіне алады