Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Бюджетті кім басқарып отыр”: Төтенше жағдай министрлігінің Tesla Cybertruck көлігі қазақстандықтардың назарын аударды (видео)

Төтенше жағдай министрлігіне тиесілі Tesla Cybertruck көлігі қазақстандықардың назарын аударды (видео)Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде Алматы көшелерінде ерекше маркалы автокөлік байқалды. Tesla Cybertruck маркалы көліктің сыртында Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің белгісі бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Желі қолданушылары қымбат көліктің сыртынан ведомствоның белгісін байқап, жемқорлық мәселесін тағы көтерді. Видео авторы эвакуаторға тиелген автокөлікті нұсқап, мұны шектен шыққандық деп санады. 

“Билік халықтың көзін бақырайтып қойып жейтін болған ба?”, “Полиция Gelandewagen мінсе, ТЖМ Tesla мініп жүр. Тым шектен шыққандық емес пе?”, “Бұл бюджет қаржысына алынған ба?”, “Мемлекет қаржысын кім басқарып отыр”, “Барлығы салық төлеушілердің ақшасы”, “Бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсау”, “ТЖМ бұл көлікпен қайда бармақ?”, – деп ашуға булықты қазақстандықтар.

Ақпараттың мән-жайын анықтау үшін Төтенше жағдай министрлігіне сұрау салдық. Алайда әзірге жауап жоқ.

Tesla Cybertruck – бұл футуристік дизайны бар және корпусы тот баспайтын болаттан жасалған электрлік пикап. Tesla компаниясының ресми сайтында модельдің бағасы конфигурациясына байланысты 79 990-дан 114 990 АҚШ доллары, шамамен 41–59 миллион теңгеге дейін өседі.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 23 Желтоқсан, 2025 17:00