Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарды Ораза айт мерекесімен құттықтады. Құттықтау сөз Қазақстан Республикасы президентінің ресми сайтында жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақорда

Өз құттықтауында Тоқаев Ораза айттың ұлық мереке екенін атап өтті.

“Қадірлі отандастар! Баршаңызды Ораза айт мейрамымен құттықтаймын! Бұл – мұсылман қауымының ерекше ықыласпен қарсы алатын ұлық мерекесі.

Қасиетті Рамазан айында жұрт адамгершілік құндылықтарға баса мән береді, рухани тазаруға ұмтылады. Мұқтаж жандарға қол ұшын созып, айналасына қайырымдылық көрсетеді. Отыз күн оразадағы сабыр мен қанағатқа негізделген игі амалдың бәрі Айт мерекесінің шынайы болмысын айшықтай түседі”, – деді ол

Сондай-ақ Ислам діні адамзатты татулық пен тыныштыққа, қамқорлық пен мейірімділікке, жанашырлық пен жасампаздыққа үндейтінін айтты. 

“Адал еңбек етіп, адал табыс табуға шақырады. Мұның барлығы, түптеп келгенде, бүкіл еліміздің ырысты ынтымағын арттыруға ықпал етеді.

Халқымыздың салт-дәстүрі Ислам дінінің, Рамазан айының және Айт мейрамының ұлағатымен ұштасып жатыр. Бұл сабақтастық берекелі бірлігімізді нығайтып, әділетті қоғам құру жолында маңызды рөл атқарады.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әр шаңыраққа бақ-береке және толағай табыс тілеймін! Айт қабыл болсын, ағайын”, – деп құттықтады мемлекет басшысы.

Талқылау