Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мектепке жол" акциясы аясында 100 мыңнан аса оқушыға қолдау көрсетілді

Қазақстанда аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындалуға көмек көрсету мақсатында "Мектепке жол" акциясы өткізіледі. Бұл акция жыл сайын еліміз бойынша 100 мыңнан астам баланы қамтып, ірі және шағын бизнес өкілдері мен қоғам белсенділерін біріктіреді.

Қолдауға мұқтаж балалар мен отбасыларға қамқорлық көрсету – бүгінде бизнестің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл – тек әлеуметтік жауапкершіліктің көрінісі ғана емес, сонымен қатар қоғамның дамуына қосылатын үлес, балалардың білім жолындағы бастамасына демеу болатын маңызды қадам.

“Жаңа оқу жылының басында балалар мен отбасыларға қолдау көрсету – ерекше маңызды. Биыл республикалық "Мектепке жол" акциясы аясында "Нұра" ауданының шамамен 1 500 оқушысы мектепке қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған сөмкелерге ие болды. Бұл игі іске 20-дан астам кәсіпкер атсалысып, оқушыларға айтарлықтай қолдау көрсетті. Аудан кәсіпкерлеріне көрсеткен әлеуметтік жауапкершілігі мен өскелең ұрпақтың болашағына деген қамқорлығы үшін алғыс айтамыз. Мұндай бастамалар қоғам, бизнес және мемлекет арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайта түсетініне сенімдімін”, – деді Астана қаласы "Нұра" ауданы әкімінің орынбасары Алия Абсеметова.

Жаңа оқу жылы қарсаңында қазақстандық Allur автокөлік компаниясы еліміздің түрлі өңірлеріндегі көпбалалы, аз қамтылған және толық емес отбасылардан шыққан 400-ден астам баланы мектепке қажетті құралдармен қамтамасыз етті.  

Астана мен Алматы қалаларындағы балаларға Allur компаниясынан мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған арнайы брендтелген сөмкелері табысталды. Тарату жергілікті мектептер мен әкімдіктер жасаған тізімдер бойынша жүргізілді. Сондай-ақ дәстүрлі түрде Қостанайдағы автозауыт қызметкерлерінің балаларына кеңсе тауарлары мен мектеп формасын сатып алуға арналған ақшалай сертификаттар берілді.

“Allur компаниясы үшін "Мектепке жол" акциясына қатысу – балаларды қолдаудың және олардың жаңа оқу жылын сеніммен бастауына көмектесудің мүмкіндігі. Біз өсіп келе жатқан ұрпаққа қамқорлық – ел болашағына қосқан үлес деп сенеміз. Осы балалардың арасында болашақ мамандар, әріптестер мен серіктестер бар, және олардың әрқайсысы білім жолында қолдауды сезінуі біз үшін маңызды”, – деді Allur компаниясының өкілі Рысты Асенова.

Allur компаниясы жыл сайын бизнес пен қоғам өкілдерін біріктіретін "Мектепке жол" акциясын қолдайды. Бұл игі бастамаға өндірістік кәсіпорындармен қатар құрылыс компаниялары, банктер, сауда желілері және басқа да ірі ұйымдар белсенді түрде атсалысады. Осындай бірлескен күш-жігердің нәтижесінде жыл сайын еліміздің түкпір-түкпіріндегі он мыңдаған бала көмек алады.

Наргиза Аршидин
Бейсенбі, 04 Қыркүйек, 2025 09:00
Талқылау