Мектепке жол: 450 мың мұқтаж отбасының балаларына көмек көрсетілді
Биыл "Мектепке жол" республикалық акциясы шеңберінде көмекке мұқтаж ата-аналардың балаларын мектепке дайындау үшін барынша қолдау көрсетілді. Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан осылай деп мәлім етті. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
фото: aqmeshit-zhastary.kz
Биыл осы санаттағы 450 мың балаға көмек көрсетілді. Әрбір білім алушыға киім, оқу құралдарын сатып алуға арналған қаражаттың ең төменгі мөлшері 40 567 теңге болып белгіленді. Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, бұл қаражат көлемі елімізде белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейне сәйкес айқындалып отыр.
"Биыл жаңа оқу жылында республика бойынша оқушылар саны 3 млн 500 мыңнан асады. Оның ішінде 380 000 мыңнан астам бүлдіршін 1-сыныпқа қабылданып жатыр. Қазіргі уақытта ел Үкіметі, министрлік, әкімдіктер, білім беру ұйымдары, педагогтер мен ата-аналар жаңа оқу жылына қызу дайындық үстінде. Мемлекет өз тарапынан жыл сайын мұқтаж ата-аналарға балаларын мектепке дайындау үшін барынша көмек көрсетіп жатқанын атап өткен жөн", - деді оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.
Министр орынбасарының айтуынша, ведомство алдында мұқтаж отбасыларға қаржылай көмек көрсету және балалардың білім алу құқығын 100% қамтамасыз ету міндеті тұр.
"Бізде жалпыға бірдей білім беру қоры жұмыс істейді. Мәселен, биыл қордан оқушылар үшін мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуға 18,7 млрд теңге бөлінеді. Жалпыға бірдей білім беру қоры аясында атаулы әлеуметтік көмек ата-ана қамқорлығынан айырылған, жетім балалар мен жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз және әлеуметтік көмекке құқылы отбасыларға беріледі", - дейді ол.
Өткен жылы ата-аналардың талаптарын ескере отырып, қордан бөлінетін қаражатты тікелей ата-аналардың есепшоттарына аударуды көздейтін норманы енгізген болатын.
"3 тамыздағы жағдай бойынша өңірлер 200 мың балаға немесе көмекке мұқтаж контингенттің 44%-на есеп шоттарға 8,2 млрд теңгеден астам қаражат аударылды. Республика бойынша бір балаға көмек көрсетудің ең жоғары мөлшері Павлодар облысында көзделген. Ол 47,3 мың теңгені құрап отыр",- деді министр орынбасары.
Республикалық акция шеңберіндегі жұмыстар барлық өңірде тамыз айының соңына дейін жалғасады.
Ата-аналар мектепке қажетті оқу-құралдары мен басқа да заттарды сатып алғаннан кейін оны растайтын құжатты ұсынуы керек.