Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мектеп жәрмеңкесі үшін жасалғандай": Қазақстандықтардың көңілінен шықпаған ЭКСПО-2025 павильонына бюджеттен 1,5 миллиард теңге жұмсалған

Жапония Экспо

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Жапонияның Осака қаласында өткен ЭКСПО-2025 көрмесіне қатысу шығындарын Қазақстан үкіметі өз резерві есебінен қаржыландырған. Жоғарғы аудиторлық палатаның есебінде көрсетілгендей, бұл мақсатқа жалпы 1,5 миллиард теңге бөлінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанның павильонын көрген әлеуметтік желі қолданушылары жазба астында түрлі теріс пікір қалдырып, көңілі қалғанын жеткізді. Олардың айтуынша, басқа елдердің әсерлі, ауқымды әрі тыңғылықты жасалған көрмесінің жанында Қазақстанның павильоны күңгірт әрі жұпыны көрінген.

Көпшілік оның көрмелік нысаннан гөрі мектеп оқушыларының қолдан жасаған бұйымына ұқсатты.

“Мектеп жәрмеңкесіне арнап жасағандай көрінеді”, “Бізді танитындар, тым болмаса бірдеңе тұрғаны жақсы болар еді, бос тұрмағаны дұрыс”, “Сірә, біздің бюджет басқа елдерден қарағанда көп шығындалған шығар”, – деп әзіл-шыны аралас пікір қалдырды.

Әсіресе, павильонға барған блогер Айнұр Асанбердінің өз парақшасында жариялаған жазбасы қоғамда үлкен резонанс тудырды.

“Осака. EXPO 2025. Қазақстан павильоны. Жүрегім сыздап кетті. Бәрі болашақтан хабар береді. Америкалықтар — Айда үй салып жатыр. Немістер — ұшатын көлікпен келіп жатыр. Жапондар — робот пен руханиятты біріктірген. Түрікменстан мен Әзербайжан — жеке ғимаратпен, ерекше стильмен, мағынамен ерекшеленді. Ал бізде — жартылай киіз үй. Жартылай ұят, жартылай қатысу. Еліміздің өзі де жартылай ғана сияқты. Өзіміздің болмысымызды көрсетудің орнына, жай ғана бұрыштағы декорация сияқтымыз. Иә, қарапайымдылық — бұл да бір қасиет. Бірақ бұлай ұсынғанша, мүлде қоймағанымыз жақсы еді. Адамдар EXPO үшін жарты жылға Жапонияға келіп жатыр. Тым болмаса ақпаратты ұятқа қалмайтындай, әдемі етіп ұсынуға болар еді. Мен өз павильонымызды іздедім, таптым — көңілім түсіп кетті”, – деп жазды блогер.

Біздің павильонның жанында жоғары деңгейдегі елдердің жұмыстары орналасқан. Өзбекстанның көрмесі халықаралық БАҚ-тың нұсқасы бойынша EXPO-дағы үздік ондыққа кірді. “Білім бағы” атты тұжырымдамасы дәстүрлі материалдарды және инновациялық шешімдерді біріктіре отырып, болашаққа бағытталған заманауи мемлекеттің бейнесін ұсынған.

Бахрейн павильоны да ерекше көзге түсті. Оны сәулетші Лина Готмех жобалаған. Павильон жапонның көне әдісімен бетон қолданылмастан, 3 000 ағаш бөлшектен құрастырылған. Ғимарат жағалауға қараған. Сол себепті қосымша салқындатуды қажет етпейді. Павильон ішінде теңіз тарихы, қолөнер, сауда және экология тақырыптарын қамтитын мультимедиялық көрме бар. Мұның бәрі сәулет, иіс, дыбыс және жарық арқылы жеткізілген. Сондықтан болар басқа елдердің павильонында адам қарасы көп.

 

Ал Қазақстан павильонында, көрген адамдардың айтуынша, ондай ұзын-сонар кезек жоқ. Тіпті, ресми сайтта да павильон ішіндегі мазмұны тым қарапайым. Атап айтқанда, бірнеше сенсорлы экраннан тұратын мультимедиялық аймақтар және бір ғана ғылыми жетістік ретінде көрсетілген – донорлық органдарды ұзақ уақыт сақтау мен тасымалдауға арналған құрылғы.

Қазақстан EXPO 2025 көрмесіне қатысу үшін қанша қаржы жұмсады?

Жоғарғы аудиторлық палатаның есебіне сәйкес, Қазақстан үкіметі өз есебінен ЭКСПО-2025 көрмесіне қатысу шығындарын жапқан. Бұл қаражат елдің халықаралық имиджін қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды өткізуге шұғыл шығындар ретінде бөлінеді. Аудиторлық палата мұндай іс-шараларды қаржыландыру жоспарлы бюджет аясында қарастырылуы мүмкін екенін атап өтті.

Осака қаласында өтіп жатқан EXPO-2025 дүниежүзілік көрмесіне Қазақстан Республикасының қатысуы үшін“QazExpoCongress” ұлттық компаниясы” АҚ-ға нысаналы аударым ретінде 1,5 миллиард теңге бөлді.

Сондай-ақ өткен жылдары бөлінген қаржы мөлшеріне көз жүгіртсек:

EXPO 2015 (Милан) — 17 миллион еуродан астам;

EXPO 2020 (Дубай) — 8,8 миллиард теңге шығындалған.

Қазақстандықтар жұпыны павильон халықаралық көрмеге жұмсалған шығынды ақтамады деп санайды.

“Күлейін бе, жылайын ба?”, “Жарты киіз үй, бір жарты бастың ойлап тапқаны ғой. Соның артын тексерсе, бюджеттің жартысы кеткен болып шығуы да мүмкін”, “Қаншама дарынды жастар жобаларын қолдамай, шет елге кетіп жатыр. Біздің жастар түрлі дүние ойлап шығарып жатыр, соны қолдап жарыққа шығарса, кез келген EXPO-ны жаратын еді, “Жасыл табиғи энергия деп соқты осыны. Пәленше теңгені судай ағызып. Түк пайдасы жоқ”, – деп жарыса жазды желі қолданушылары,

Айым Болатқызы
Жұма, 01 Тамыз, 2025 14:46
Талқылау
`