Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық мектеп оқушыларына таңғы асқа ботқа беру тоқтатылды

Биыл ақпан айының басында Денсаулық сақтау министрлігі оқушыларға арналған жаңа мәзір әзірлеп шықты. Дегенмен онда түскі асқа арналған тағамдар ғана көрсетілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Время 

Жаңа мәзірде газдалған тәтті сусын итмұрын шырынымен, майлы тұздықтар жеңіл қаймақпен алмастырылғаны айтылған. Оқушыларға брокколи мен бұршақ салаттары ұсынылған. Жылқы еті мен сиыр етінен жасалған тағамдар, пробиотикалық йогурттар, тіпті жент сияқты дәстүрлі тағамдар да берілетіні жазылған. Дегенмен мәзірде көрсетілген ас түскі уақытқа ғана арналған. Оның үстіне оқушыларға таңғы асқа ботқа берілмейді.

Осы жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігінен жаңа мәзіріне қатысты, мәзірде неліктен таңғы ас жоқ, оқушыларға неге таңғы асқа ботқа берілмейді, деген сауалдармен жүгінді. 



Министрлік мәліметінше, мектеп мәзірін әзірлеуге бейінді халықаралық ұйымдардың тамақтану саласындағы мамандар қатысты. 

"Мектеп мәзірі қауіпсіз, теңдестірілген және ғылыми негізделді. Сондай-ақ мәзір балалардың физиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып әзірленді. Қазіргі уақытта маусымдық перспективалық мәзірдің үш нұсқасы жасалды. Олардың бірі шағын жинақталған мектептерде қолдану үшін ұсынылады", – делінген хабарламада. 

Министрліктің хабарлауынша, мектептегі міндетті бір реттік тамақтану тәуліктік калорияның 25%-ын қамтуы керек. 

"Сүт ботқасынан жасалған таңғы ас көрсетілген энергия шығынының орнын толтырмайды. Балаларға таңғы мезгілде ботқа берілетін кейбір аймақтардың мәзірінің тағамдық құндылығына талдау жасалды. Ботқаның тағамдық құндылығы күнделікті калорияның 10-18% ғана құрайтыны анықталды. 1 және 2 ауысымдағы балаларға арналған бір реттік мәзірлердің әртүрлі болуы мәселесі бірнеше рет талқыланды. Көптеген ата-аналардың наразылығын тудырды. Өйткені бір балаға тегін ет тағамы берілсе, екінші балаға берілмейді және оның тамақтануы арзанға шығады. Тегін ыстық тамақтануды қаржыландыру барлық оқушыларға бірдей бөлінеді әрі жергілікті атқарушы органдармен бекітіледі", – дейді министрлік. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мектепте балалар таңғы ас, түскі ас немесе кешкі ас емес, оқу ауысымына байланысты бір рет тамақтанады. 

"Білім беру ұйымдарында бір реттік ыстық тамақ оқушыларға кез келген оқу ауысымының екінші сабағынан кейінгі үзілісте беріледі. Күнделікті тамақ ішуге кемінде 10-нан 30 минутқа дейін уақыт бөлінеді”, – делінген хабарламада. 

Министрлік мәліметінше, мектеп мәзіріндегі тағамдардың шығымы балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты әзірленген.

“Әртүрлі жастағы ((7-10 жас, 11-14 жас, 15-18 жас) балаларда әртүрлі энергия шығыны болады. Сәйкесінше олардың орны әртүрлі шығымы бар тағамдар арқылы толтырылады. Бала тамақтану арқылы қажетті қоректік заттарды бойына сіңіруі керек. Мәселен, ақуыздарды, майларды, көмірсуларды, дәрумендерді, минералдар мен энергияны алуы маңызды. Мектеп оқушылары мен мектеп жасына дейінгі балалардың тамақтануы ұтымды және теңдестірілген тамақтану принципіне негізделген”, – делінген министрлік хабарламасында. 

Ал тағамның ақысын жергілікті атқарушы органдар бекітеді екен. 

Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі мектептердегі мәзірге түбегейлі өзгеріс жасайтын жобаны әзірлеген еді. 

Талқылау