Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мектебімізде жылда бір оқушы жүкті болады": Қызылорда тұрғындары жасөспірім қыздардың тағдырына алаңдаушылық білдірді

Қызылорда тұрғындары жасөспірім қыздардың мектеп қабырғасында жүріп аяғы ауыр болып қалғандықтан, ерте тұмысқа шығатынына наразылық білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы қоғам белсендісі Сандуғаш Шымболатқызы Facebook парақшасында жариялады. Оған бір топ ата-ана мектептегі жағдайды айтып хат жазған.

Олардың айтуынша, Шиелі ауданы Жөлек ауылында үш жылдан бері жылына бір оқушы қыз мектепте оқып жүріп тұрмысқа шыққан.

“Бізді алаңдататын Шиелі ауданы, Жөлек ауылының №152 мектебінің білім мәселесі. Осыдан үш жылдан бері бір індет келді. Жылына бір оқушы қыз мектепте оқып жүріп үйленеді. Биыл 12.07.2021 күні 10- сынып оқушысы Алиакбарова Динара Жахаев ауылына күйеуге шықты. Тағы да жақында 10 сыныптың бір оқушысы қызы жүкті Жұмаділ Бибнұр үйленді. Сонда мектеп АХАЖ орны ма? Келесі жылы да тағы бір оқушы үйленуі ғажап емес. Осылардың барлығын жасыра береміз бе? Ауруын жасырған ауырмай өледі. Ағайынын жасырған бүлінеді деген осы”, – деп жазылған тұрғындар хатында. 

Сондай-ақ ата-аналар баланы аманаттап мектепке бергеннен кейін дұрыс тәрбиелеу керектігін айтыпты.

“Тізгінсіз кеткен балалардың саны ауылда еселеп артқанын қаламаймыз. Тоқтау бола ма? Жоқ па? Ата-ана ма әлде мектеп пе, кім жауапты анықтап беріңдер? Жауапты органдар ешқандай шара қолданбай, жасырып отыр”, – деп те жазылған хатта.

Оқиғаға қатысты Шиелі ауданы бойынша білім бөлімі пікір білдірді. 

“Аталған мектептің 2004 жылы туылған 10 сынып оқушылары  ата-аналарының өтінішіне сәйкес Қызылорда қаласындағы "Орда" колледжіне "Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі" факультетіне оқуға түскен.  Қазіргі таңда аталған екі оқушы Қызылорда қаласындағы "Орда" колледжінің  "Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту" факультетінде оқуда болғандықтан, мектеп есебінен шығарылған. Ата-аналар жиналысы, 8-11 сыныптар арасындағы қыздар жиналысы өткізілуде, хаттамалары жинақталған”, – делінген хабарламада. 

Дегенмен, облыстық прокуратураның әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің 65-бабының 1-бөлігі бойынша Шиелі ауданы, Жөлек ауылының бір топ тұрғындарының №152 орта мектепте орын алған жағдайларға байланысты шара қабылдау туралы арызын облыстық білім басқармасынан құрылған зерделеу тобы қарап, заңдылығына сәйкес тиісті жұмыстарын жүргізген.

“Зерделеу қорытындысымен аталған білім беру ұйымында бекітілген тәрбие құжаттары тізбесінің жадынамасына сәйкес, алдын-алу және түзету бағыты бойынша жан-жақты ұйымдастыру жұмыстарының барлық алғышарттары қаралып, қорытындысымен жауапты мамандардың жауапкершілігі қаралған болатын. Сонымен қатар, Шиелі ауданы бойынша білім бөліміне қарасты №152 орта мектебіне Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасының жүзеге асырылуы мен психологиялық қызмет жұмыстарын ұйымдастыруға 2021 жылғы 14 қыркүйек күні бөлімнің  №74 бұйрығына сәйкес әдістемелік көмек беру жұмыстары жүргізілгендігін хабарлаймын”, – дейді білім бөлімінен. 

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 26 Қазан, 2021 17:10
Талқылау