"Мектебімізден ауылдағы мал қора әдемі": Түркістанда 60 жыл бұрын салынған мектеп әлі күрделі жөндеу көрмеген (видео)
Түркістан облысы, Келес ауданы, Ескіқорған ауылының оқушылары мектепке жарымай отыр. Үш жүз отбасы тұратын елді мекен балалары екі кабинеті ғана бар аядай білім ұясында оқиды. Оның өзін сол ауылдың тұрғындары жетпіс жыл бұрын асарлатып салған екен. Содан бері жаңармаған мектептің не асхана, не кітапхана, не акт залы, не спорт залы жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
"Біздің балаларымызға кітапхана, асхана, мәдениет залы, спорт залы деген – түсінде көретін арман. Ауылға келген жұрт мектепті көріп жағасын ұстап кетеді. "Өркениетті ел балалары да осы мектепте оқи ма?" деп таңғалады. Шынын айту керек, ауылдағы мал қора, монша мен дәретхана да бұдан әдемі шығар. Атқамінерлердің мазағы ма әлде бізді заманауи мектепке лайық көрмей ме?! Білмеймін. Дәл шекара бекетінің түбінде орналасқасын бәрінің назарынан тыс қалып келеміз", – деді ауыл тұрғыны Юсуф Сарапбаев.
Бабалары оқыған мектепте Ескіқорған ауылының балалары 4-сыныпқа дейін ғана білім ала алады. Одан кейін бес, жеті шақырым қашықта орналасқан көрші ауылдың мектебіне қатынауға мәжбүр. Ата-аналар балаларын жан-жаққа тасып қажыған. Әкімдік табалдырығын да тоздырып біттік дейді. Жауаптылар уәдені үйіп-төккен.
Фото: Stan.kz
"Мектебіміз Қазақстан деген Республикаға ұят. Бұны 1958 жылы аталарымыз салған. Қазіргі сиқы мынау. Мұнда менің аталарым оқыған. Атамның өтіп кеткеніне қаншама жыл болды. Бірақ мынау мектеп әлі тұр. Қаншама жылдан бері айтып жатырмыз. Өзім үшінші сыныпта оқып жүрген кезде бір жылдан кейін жаңа мектеп саламыз деп келген. Содан бері он бес жыл өтті", – дейді ауыл тұрғыны Дастан Жолдас.
Мектептің едені шіріп, қабырғасы құлап, төбесі түсіп жатыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бірнеше жыл бұрын оқушыға жоғарыдан сылақ құлап, миы шайқалған. Ал қыс басталса болды, көмірмен жылынатын екі кабинет көк түтінге айналады екен.
Фото: Stan.kz
"Бұл мектептің іргесін өзіміз құйдық. Содан бері ұлым, одан кейін немерем, енді міне шөберем келіп жүр. Өркениеттің көлеңкесі де көрінбейтін мектепке балаларымызды қорқынышпен жібереміз. Ертеңгі күні құлап, қиранды астында қала ма де қорқамын", – дейді ауыл тұрғыны Абдрахман Ашимов.
Ал облыстық білім басқармасының мәліметінше, мектеп құрылысы биыл қыста басталады. Желтоқсан айында іргетасы құйылатын мектептің қолданысқа қашан берілетіні белгісіз. Бұған дейін жергілікті билік “Самұрақ қазынадан” бөлінуі керек қаржыны күтіп келген екен.
"Ескіқорған ауылында 300 орындық жайлы мектеп салу үшін жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстарын бастау 2024 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Осылайша, бұл мәселе жайлы мектеп Ұлттық жобасы арқылы шешімін табады", – деді Түркістан облысының білім басқармасы.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысы Кеңқияқ ауылында 25 жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген апатты үйдің тұрғындары шу шығарды. Сөздерінше, қабырғасы қақырап, төбесінен су сорғалайтын баспаналар тұруға жарамсыз. Ауыл халқы енді мәселеге көз жұмып отыра алмаймыз дейді. Өйткені күн өткен сайын үйдің іргетасы отырып, қабырғалар сөгіліп, сылағы түсіп жатыр екен. Тұрғындардың айтуларынша, жергілікті биліктің өкілдері жөндеу жүргізбейді.