Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Медпункт жоқ, автобус қатынамайды: Шығыс Қазақстандағы ауыл тұрғындары өркениеттен құр қалғандарын айтады

Кейде тұрғындар саны 500-600 қараға жетер-жетпес елдімекендердің өзінде дертіне дауа іздегендерге дәрігер қарайласып, керек болса үйлеріне де атізін салады. Ал 1000-нан астам тұрғыны бар Украинка ауылында ақ халатты тұрмақ, фельдшерлік-акушерлік пункт те жоқ. Бұл Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданына қарасты ауыл. Шұрайлы жерде орын тепсе де, туған жерге туын тігіп келіп жатқан жастарды жолықтыру қиын. Интернет үйді былай қойып, далада да тартпайды. Stan.kz тілшісі тұрғындармен арнайы тілдесіп қайтты.

“Бой жазатын жер жоқ”

Украинкаға кіреберісте әлдеқандай құрылыс жүріп жатыр. Бетон араластырғыш үздіксіз айналуда, жұмысшылар қас-қарайғанша белгілі бір бөлікті аяқтап үлгеруге асығып жатқандай. Кейін анықталғандай болашақ ауыл клубы осы. Тұрғындар мұнда көп дүние ескірген, абаттандырылып, жаңартылған нәрсе жоқтың қасы екенін айтады. Соның бірі – талай жылдан бері мұрты бұзылмаған интернет машақаты. Ол ұстайды дегенше ауылдан ұзап, әлдебір ылди-дөңдерге шығуың керек. Украинканың оқушылары қиындықты қашықтан оқу кезінде тартқан. Кім ғаламторға қосыла алды сол мұғалім тапсырмасын орындайды, ал үлгермегені сабаққа дайын емес екен.

“Интернет ешбір жерде тартпайды. Індет екпіні үдеп, барлығы қашықтан оқуға көшкенде көршінің балалары екіортада сабылып, едәуір қиналды. Ұстаздары “Басқа сыныптастарыңның үйіне барып дайындал” деп тықыр таятатын. Ағашқа шығып сабақ оқыған балалар да бар”, – деді Людмила Бригинец.

Округ әкімі клуб құрылысы басталған кезде төбе көрсеткен. Осылай деген тұрғындар ауылдың алаңсыз тұрмысын сезіну үшін жағдай жасалмағанын жасырмады. Шенеуніктер көпшілікке жұмыс аяқталған соң мұнда медициналық пункт, учаскелік полиция посты болатынын айтқан.

“Қысқасы, әрбір ауылдасымыз бой сергітіп, көңіл көтерейін десе барар жер жоқ. Ауылдағы бір сарынды тірлікке еті үйрене бастаған жастар да әрлі-берлі бос жүрісті көбейткен. Өзгеріс қажет”, – деді Людмила Александровна.

Автобус қатынамайды

Мұндағы жұрт болашақ клубта қандай мүмкіндіктер қарастырылғандығынан толық хабардар емес. Жиі сөз еткендері – ауылға дәрігер қажет. Фельдшерлік-акушерлік пункт салынса, тіптен, нұр үстіне нұр болар еді дейді. Жұмысын тоқтатқанына бірнеше жыл болған ескі медпункт ескіріп, науқастардың ем алуына мүлде қолайсыз көрінеді. Оған қоса бұрынғы дәрігер зейнетке шыққалы бұл мәселе одан әрі ушыққан. Денсаулығың қанша жерден сыр беріп, сырқаттанып тұрсаң да іргедегі Герасимовка ауылына баруың керек. Автобус қатынамайды. Ауылдан күре жолға жету үшін 1,5 шақырымды артқа тастап, әрі қарай жүйткіген көліктердің тоқтауына тілекші боласың дейді. Егде жастағылар үшін тіптен қиын.

“Қыста тіптен жағдайымыз нашарлайды. Ауылда мүгедек жандар бар. Зейнеткерлер үйден алып кететін темір тұлпарларға иек артады. Өз ауылымызда ақ халатты болса, бұлай қиналмас едік”, – десті мұңын шаққан жұрт.

Округ басшылығы да, аудан әкімдігі де мәселеден хабардар. Украинка Төлеген Тоқтаров ауылдық округіне қарасты. Округ әкімі Марат Дауеновтің айтуынша, елдімекенде 244 шаңырақ, 1300-ден астам тұрғын бар.

“Ауылға 10 жылдан бері интернет тартылмаған. Аудан басшылығы келер жылы тартамыз деп отыр. Дәрігер жоқтығына келсек, маман тапшы. Жастардың мұнда келгілері келмейді. Дегенмен мәселе жуықта шешіліп қалады”, – деді ол.

Клуб құрылысына үмітпен қарайды

Ауылдағы бірнеше қиылыс жол шұрық тесік. Ауыл белсенділері шенділер ат басын бұрса асфальт төсеуді қажет ететін тұстарды көрсетіп берер едік десті. Ауыл көшелерін аралап жүріп, орталық маңында ескіліктің қамытын киген кітапхананы көзіміз шалды. Оған жапсарлас ауылдық клуб ғимараты бар. Екеуіне де құлып салынған. Бірақ тұрғындар кітапхананың жұмыс істеп тұрғанын айтты. Дәл сол жерде малдас құрып, ойынның қызығына кірген бүлдіршіндер балалар алаңқайы жоқтығын айтты. Болған, тек аз уақытта қирай бастаған. Айналасын арам шөп, темірін тот басып абаттандыруды сұранып тұрғандай.

“Балалар алаңқайы екі жыл бұрын орнатылған. Кейпі мынау. Бүлдіршіндер көше кезіп, көңілдері соққан ойындарын ойнап жүре береді. Алаңқай жаққа оқта-санда барса да, бастапқы қалпынан айырылған жерде көп аялдамайды. Өздеріңіз көрген боларсыздар, ауыл шетінде клуб құрылысы жүріп жатыр. Сонда спортзал да болады деп естідік”, – деді ауыл тұрғыны Анна Хайдина. 

Кей тұрғындар осы құрылыстан көп үміт күтетіндіктерін байқатты. Себебі осыған дейін мерекелік шаралардың көбі пошта ішінде өткізіліп келген. Жастар үлесі басым, тұрғындары сирек көшетін бұл ауылға өзгерістер керек-ақ.

Дайындаған: Әділхан Еcімханов

Талқылау