Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бюджетке 15 мың теңге ғана төлеп отыр": Мәжіліс депутаттары Түркістандағы заңсыздықтарды әшкереледі

Мәжіліс депутаттары Ринат Зайытов пен Мақсат Толықбай премьер-министр Әлихан Смайылов пен бас прокурор Берік Асыловқа ашық үндеу жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қос депутат халықтың айтқанына сенсе де, өздері барып өңірдегі мәдени нысандарды аралаған. 

“Бұл үндеуіміз Түркістан облысынан келіп жеткен, көпшіліктің арызынан анықталған жергілікті органдардың күмәнді әрекетіне байланысты. Біз бұл жағдайды көпшіліктің сөзіне еріп емес, іс-сапармен өңірге барып келдік. Түркістан қаласындағы аумағы 2100 шаршы метр болатын неке сарайын 2021 жылы жекенің жемсауы еткен. Жем сау емей немене егер кәсіпкер басқаруындағы нысаннан өткен жылы бюджетке 15 мың теңге аударса, 15 миллион емес, 15 мың теңге. Ал талап бойынша ол табысының кем дегенде 50 пайызын қазынаға құюға міндетті еді. Сонда неке сарайының ішіндегі қызмет көрсету сұлулық салондары, той ұйымдастыру орталығы, фото-видео студиялары дәріханалардың барлығы жабылып бір жылдың ішінде 30 мың теңге пайда тапты дегенге кім сенеді? Тексеру керек деп ойлаймыз”, – дейді депутаттар

Сондай-ақ халық қалаулылары халықаралық "ЮНЕСКО” клубының құрамына енген, жүздеген баланы қолөнер еңбегіне тәрбиелеп отырған жалғыз қолөнершілер мектебі мейрамханаға айналып кетсе, мәдениетімізге және  ұлттық құндылықтарға мұрагер болатын ұрпақтың болашағына балта шабумен бірдей екенін айтады. Қазіргі таңда қолөнердің қас шеберлері қаңғып қалған”, – деп алаңдайды мәжілісмендер.  

Даулы оқиға мұнымен біткен жоқ. Қазақ шеберлерінің туындыларын қоятын көрменің айналасында да шикілік көп.

“Қазақ шеберлерінің көрнекті көрмесіне айналады деген "Визит" орталығының да айналасында қазір үлкен дау туып жатыр. Жекешеленген нысан айқай-шудан кейін қайта мемлекетке өткен. Бірақ сол орталықтың өзін мемлекет сенімгерден миллиондаған теңге коммуналдық қарызымен қайтарып алған. Қызық жағдай. Мекемені біреу меншігіне алады, көл-көсір пайда табады, сосын "су мен жарыққа кететін шығынды өзің төлеп ал," деп мемлекетке қайтара салады. Біздің мемлекет оны "ләппай" деп ала салады, – дейді депутат Ринат Зайытов пен Мақсат Толықбай.

Сонымен қатар түркі әлемінің мәдени астанасына айналған шаһарда Мәдениет үйі де сатылып кеткенін айтады депутаттар. 

“Мәдениет үйінің ішін тойханаға айналдырып жіберген. Қазір отырған ғимаратты көрсең қарның ашып, қадірің қашады. Мәдени іс-шара өтетін ғимаратқа мүлдем ұқсамайды. Сондай-ақ, мәдени нысанның бірі 2020 жылы Самұрық-Қазына акционерлік қоғамының еншілес компаниясы сыйға тартқан Йассауи мұражайы әлі күнге дейін бірде бір рет қонақ қабылдамаған. Аты дардай мұражайдың заты бордай тозған”, – дейді депутаттар. 

Депутаттар бұл мәселелерге кешенді тексеру жүргізіп, аты аталған құзырлы органдардың назарға алуын сұрады. 

 

Талқылау