Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәжіліс депутаттары "АрселорМиттал Теміртауға" жұмыс сапарымен барып қайтты

Теміртауға ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің мүшелері іссапармен келді. Депуттатар облыстағы ең ірі кәсіпорындардың бірі "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ға барып, металлургиялық комбинатты аралады.  

Депутаттар жиналысқа дейін компанияда экология, энергетика және өндірістік қауіпсіздік бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Мәжілісмендер алдымен агроөндіріске, № 5 агломашинадағы электр сүзгілері, ЖЭО және түтін құбырының құрылысымен танысты. Жаңа мұржа ағымдағы жылдың қыркүйек айында іске қосылады. Жұмыс тобы №3 қалдық сақтау қоймасына да барды. Онда қалдықтарды кәдеге жарату бойынша кешенді жұмыстар туралы толыққанды ақпарат берілді. Депутаттар осы қалдықты қайта өңдеп, жол құрылысына пайдалануды ұсынып отыр.  

"Заңнаманың талаптарына сәйкес, шығарындыларды үнемі бақылап отыру үшін компанияда онлайн бақылау жүйелері бар. Сондай-ақ ластаушы заттардың концентрациясын бақылау үшін жаңа жүйелерді орнатып жатырмыз. Деректерді тікелей экология департаментіне тестілеуге беру үшін  мониторинг жүйелерін қосудың арнайы пилоттық жобаға қатысып жатырмыз", - деп түсіндірді "АрселорМиттал Теміртау" АҚ техникалық директоры Константин Цимбал. 

Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің жетекшілігімен "Арселор Миттал Теміртау" АҚ-ның экология, энергетика және өндірістік қауіпсіздік мәселелері" атты кеңейтілген отырыспен жалғасты. Отырысқа мәжілістің тоғыз депутаты, министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, Теміртау қаласының басшылары, облыстың аумақтық департаменттері мен басқармаларының басшылары қатысты.

Зауытта жүргізіліп жатқан барлық жұмыстарға қарамастан, әлі де шешуді қажет ететін бірқатар түйткілді мәселелер бар. Әсіресе энергиямен жабдықтау, ЖЭО қызметі, экологиялық ахуалды жақсарту жолдары назарға алынды. "АрселорМиттал Теміртау" АҚ техникалық директоры Константин Цимбал компанияның ірі жобалары туралы баяндады.

"Біздің жоспарымыз – 2030 жылға қарай шығарындыларды 18 пайыз азайтуға қол жеткізу. Домна үдерісінің өндірісін және отын шығынын оңтайландыру. Бұдан бөлек, ЖЭО қазандықтарында отын тұтынудың аралас түріне ауыстыру, жану процесін жақсарту да негізгі жоспарларымыздың бірі. Сонымен қатар еуропалық экология нормаларына сәйкес келетін жаңа кокс батареяларын салу да маңызды жобаларымыздың бірі. Жаңа батареялар енгізілгеннен кейін, ескілері толық тоқтағанға дейін біртіндеп өндірістен шығарылады. Біз кокс газын тазартатын жаңа цех салып жатырмыз, бірінші қайта өңдеу цехтарында газды тазарту жүйелерін жаңғырту жұмыстарын жүргізудеміз, №7 жаңа қазандықты пайдалануға беру жобасы аяқталуға жақын," - деді "АрселорМиттал Теміртау" АҚ техникалық директоры Константин Цимбал. 

Отырысқа осыған дейін "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның атқарушы директоры болған, бүгінде Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин қатысты. Ол компанияда өзі басшылық еткен кездері де экология мәселесінің өзекті болғанын және оны жақсарту бойынша жобаларының орындалмағанын да жасырмады.

"Ия, мен 2 жыл бұрын "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның  атқарушы директоры болдым. Қазір жүзеге асырылып жатқан кешенді жобалар, сол уақытта басталып, бүгінде аяқталуы тиіс еді. Ол уақытта экология өте өзекті  болды. Өкінішке қарай, бұл бағытта жобалардың  дұрыс жүзеге асырылмауы ұзаққа созылып келеді. Бізге экологияны жақсартаып, мәселені оңтайлы шешу үшін жаңа жобалар керек", - деді Вадим Басин. 

Кеңейтілген отырыста сондай-ақ зиянды қалдықтарды сүзетін фильтр жұмысы, күл жиналатын аумақтың жағдайы талқыланды. Коксхимия әктеу цехтары мен компанияның жылу энергия өндіруші кәсіпорындардағы ахуал туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілді.

Мәжіліс депутаттары Теміртау қаласындағы экологиялық ахуалды тереңірек зерттеу қажеттігін де алға тартты. Жиын соңында халық қалаулылары қоғам белсенділері мен компания жұмысшыларын толғандырған барлық сұрақтарына жауап берді.              

Талқылау