Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәжіліс депутаты тасқын қаупі бар жайылым жерлерге саяжай салуға рұқсат берген әкімдерді тексеруді ұсынды

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бас прокуратураға депутаттық сауал жолдап, Қазақстанда тәуелсіздік алғалы оныншы рет ірі су тасқыны болып отырмағанына қарамастан осындай салғырттыққа жол беріп, алдын алмаған ешқандай лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылмағанын атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Мәжіліс отырысынан скриншот

Ол жергілікті атқарушы орган, яғни әкімдердің жауапкершілігі туралы айтты.

“Неге жергілікті атқарушы орган? Өйткені өзен бойындағы су жайылмаларынан жер берген. Саяжайларды іс жүзінде тұрғын үйге айналдырған, яғни жарық, газ тартып, азаматтарды тұрақты тіркеуге рұқсат берген үкімет емес, басқа емес, жергілікті атқарушы орган, яғни әкімдіктер. Ал келтірілген шығындарды өтеу салмағы әркез мемлекет мойнына артылады”, – дейді ол.

Құспан бір топ депутат болып барып, жағдайды зерттеген екі өңір– БҚО мен Атырау облысының Құлсары қаласын мысалға ала отырып, бас прокуратура кешенді тексеру жүргізу қажет екенін атап өтті. 

“Жергілікті белсенділер, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары Жем өзені бойындағы заңсыз салынған бөгеттер туралы мәселені былтыр, 2023 жылы көтеріп, жергілікті әкімшілік пен прокуратура тарапынан ешқандай қолдау таба алмағандықтан оларға сенбейді. Барлық тиісті құжаттар, фактілер менің қолымда бар. 2011 жылғы су тасқынынан БҚО билігі сабақ алмаған секілді, сол кезде де бүкіл маман өзен жағасынан үй салуға рұқсат бермеу керек деп дабыл қаққан еді, енді сол кезде суға кеткен жерлер тағы да су астында қалды. Сол уақытта мысалы, Самал ауданы саяжайының тұрғындарына деп мемлекет облыс орталығынан үй салып берді, алайда саяжай жерлерін мемлекет қорына қайтарып алған жоқ. Енді сол саяжай тұрғындарына мемлекет тағы да үй салып беруі керек пе?” – деп ашынды депутат. 

Абзал Құспан ол аз болғандай, 2011 жылдан кейін Орал қаласының төңірегінен суға кететін жерлерден жаңа тұрғын үйлер, жаңа мөлтекаудандар пайда болғанын атап өтті. Соның бірі – толықтай суға кетіп қалған "Нұрлы жер" ауданы. 

“Схема өте қарабайыр, соған қарамастан ондаған жыл бойы еш кедергісіз жұмыс істеп тұр, әкімдікке жақын пысықайлар гектарлап тегін жер алып алады да, қара халыққа он соттықтан бөліп сатады, болды! Салдарынан, жергілікті әкімдік қызметкерлері сол жерді бөлу мен берудің "қызығын" көреді, қарапайым халық зардабын тартады, ал барлық шығынды мемлекет өз мойнына алады! Отыз жылғы ескі схема қашанғы жалғаса бермек?”, – деді ол. 

Ол жергілікті органдар бұл фактілерді объективті тергеп-тексере алатынына тұрғындар ғана емес, менде сенбеймін дейді. 

“Кейінгі 2-3 жыл көлемінде облыста жерге қатысты жемқорлық фактілерімен әкімдіктің де, облыстық прокуратураның да лауазымды қызметкеріне сот үкімі шықты. Ең соңғы факт, төтенше жағдай деп бүкіл ел дүрлігіп жатқанда, Орал қаласының архитекторы пара алып жатып ұсталды. Бұл фактілер тек БҚО мен Атырау емес, барлық өңірге тән жағдай. Бұдан шығатын қорытынды біреу – жер заңнамасына қатысты кең көлемді, кешенді тексеру республикалық деңгейде ұйымдастырылса ғана нақты нәтиже болады”, – деп сөзін түйіндеді мәжіліс депутаты.

Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Алматы Су" директорының орынбасары мен Қызылорда облысының кәсіпкерлік басқармасының басшысын пара алды деген күдікпен ұстады. 

Талқылау