Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов референдум атауын өзгертуді ұсынды

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бесінші отырысында мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Конституциядағы республикалық референдум атауын өзгерту туралы ұсыныс айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, Конституциялық комиссия аясында тарихи қателіктерді түзетуге мүмкіндік бар. Ол қолданыстағы Конституция мәтінінде референдум "республикалық" деп аталып жүргенін еске салды.
"Алайда референдум тек ең маңызды мәселелер бойынша өткізілуі тиіс. Сондықтан оның атауы да мазмұнына сай болуы қажет. Референдумның басты талабы халықтың бірлігі. Осыған байланысты “республикалық референдум” атауын “халықтық”, “ұлттық” немесе “жалпыұлттық референдум” деп өзгерту ұсынылады", – деді Мұрат Әбенов.
Ұсыныс Конституциялық комиссия мүшелерінің талқылауына ұсынылды.
Сонымен қатар Мұрат Әбенов Конституциялық комиссияның отырысында журналистер мен қоғамның бір бөлігі арасында алаңдаушылық тудырған түзетулерге қатысты пікір білдірді. Сыншылардың пікірінше, бұл өзгерістер сөз бостандығын шектеуі мүмкін. Әбенов ұсынылып отырған өзгерістердің мақсаты тыйым салу емес, керісінше қорғау екенін атап өтті.
"Ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін жалған ақпараттың таралу фактілері бар. Еуропалық тәжірибе зерделенді. Мұндай жағдайлар ол жақта да кездеседі. Әр адам өз пікірін айтуға және еркін ой білдіруге құқылы, алайда бұл басқа адамдарға зиян келтірмеуі тиіс", – деді депутат.
Оның айтуынша, интернеттегі ақпарат таратуға шектеу қойылмайды, бірақ ол жеке тұлғаға зиян келтірмеуі керек.
"Шығармашылыққа ешқандай шектеу қарастырылмаған. Барлық мәселелер заң аясында реттеліп, белгіленген тәртіппен қаралуы тиіс. Интернетте әртүрлі көзқарастар мен дәлелдер бар", – деп түйіндеді Мұрат Әбенов.
- Президент өкілеттігі тоқтатылса 7 күн ішінде сайлау өткізу туралы шешім қабылданады: Қазақстан конституциясына қандай өзгерістер енгізілмек?
-
"Арнайы жарлыққа қол қоямын": Тоқаев Қазақстанда референдум өткізу мерзімі туралы айтты
Еске салайық, бұған дейін Тоқаев Ассамблея мен Ұлттық құрылтайды біріктіріп, орнына Халық Кеңесін құру туралы бастама көтерген еді. Тоқаевтың сөзінше, Кеңес құрамына барлығы 126 адам кіреді: олардың 42-сі этномәдени бірлестіктерден, 42-сі мәслихаттардың өкілдері, ал тағы 42-сі қоғамдық ұйымдар атынан болады. Кеңестің отырыстары жылына бір рет өткізіледі. Төрағаларды президенттің өзі тағайындайды. Орган заң шығару бастамасы құқығына ие болады. Этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелері Қазақстан халқы Ассамблеясынан Халық кеңесіне өтеді.
"Мобилографты комиссия мүшесі ететіндей Ата заң ойыншық емес қой": Конституциялық реформа комиссиясының мүшесі болған Балтабаев тағы да көпке жақпай қалды