Мәжіліс депутаты демалыстың соңғы күні өз өкілеттігін тоқтатты
Орталық сайлау комиссиясы депутаттық демалыстың соңғы күні мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуовтің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, депутат өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуды сұрап өтініш берген.
“ҚР Конституциясының 52-бабына, "ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" 1995 жылғы 16 қазандағы ҚР Конституциялық Заңының 24-бабы 3 және 8-тармақтарына сәйкес ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғалымжан Алмасбекұлы Елеуовтың өтініш беруіне байланысты оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкелетін негіз туындады”, – делінген ресми хабарламада.
Еске салайық, 31 тамыз депутаттық демалыстың соңғы күні. Ертең парламент палаталарының бірлескен отырысында сенат пен мәжіліс депутаттары жаңа отырысты ашады.
Талқылау