Майкл Джексонның оққағары оның Эпштейнмен түскен суретінің мән-жайын түсіндірді
Фото: U.S. Justice Department / Handout / Reuters
Майкл Джексонның бұрынғы оққағары Мэтт Фиддес музыканттың Джеффри Эпштейнмен неге бірге суретке түскенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Mirror-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Жарияланған материалдарда пайда болған Джеффри Эпштейн мен Майкл Джексон бірге түскен сурет Флоридада жылжымайтын мүлікті қарау кезінде түсірілген. Фиддестің айтуынша, сол кезде поп-король Джеффри Эпштейннің кім екенін мүлде білмеген. Педофилияға қатысты аты шыққан қаржыгер Джексон 2003 жылы Палм-Бичте бір аптаға созылған сапары барысында қарап жүрген үйлердің иелерінің бірі болып шыққан. Оққағардың сөзінше, әншінің қаржыгердің үйінде болуы да, суретке түсуі де кездейсоқ жағдай болған.
“Біз жай ғана үйлерді қарап жүрдік, өйткені Майкл Палм-Бичте тұрып, досы Барри Гиббке жақын болғысы келді. Біз Эпштейннің кім екенін де білмедік. Ол кезде ол танымал тұлға емес еді”, – деп жазды Фиддес әлеуметтік желідегі парақшасында.
Шамамен он жыл бойы Джексонмен бірге жұмыс істеген Фиддес әншінің барлық жанкүйерге сыпайы болғанын және суретке түсуден ешқашан бас тартпағанын алға тартты. Сонымен қатар ол ешқашан қаржыгермен жақын қарым-қатынаста болмаған.
“Эпштейн Майклдың қаржылық ортасына мүлде кірмеген”, – деді оққағар.
АҚШ Әділет министрлігі жариялаған өзге құжаттарда Майкл Джексон мен Джеффри Эпштейн арасындағы қандай да бір байланыс немесе айыптау туралы дерек жоқ. Эпштейн ісіне қатысты жаңа құжаттар 19 желтоқсанда жарияланған. Олардың арасында 2019 жылы қайтыс болған қаржыгердің көптеген ықпалды тұлғалармен қарым-қатынасын ашып көрсететін мыңдаған сурет бар.
Айта кетейік, бұған дейін Трамп әкімшілігі Эпштейн ісіне қатысты материалдарды жариялады, бірақ толық емес әрі қатты өңделгені хабарланған еді.
"Әлемде мейірім барына сендіретін жандар": 2025 жылғы жан жылытар әрекеттер мен халықты тәнті еткен қазақстандықтар