Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Майқайыңда табылған екі мәйіт: Үйлердің бірінде кәмелетке толмаған қыз тұрғаны белгілі болды

Фото: depositphotos.com

Павлодар облысында көрші орналасқан екі үйден ұзақ уақыт бойы жатқан екі адамның мәйіті табылған оқиғаға қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Үйлердің бірінде кәмелетке толмаған бала болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Қорқынышты оқиға туралы ақпарат жұма күні, 13 ақпанда тарады. Майқайың кентінде ер адам мен әйелдің мәйіттері табылды. Алдын ала дерек бойынша, олардың бірінің өлімі шамамен екі жыл бұрын, ал екіншісі бірнеше ай бұрын болған болуы мүмкін.

Осы факті бойынша Павлодар облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мәйіттердің бірі қарт әйел тұрған үйден, екіншісі көрші үйден табылған. Болжам бойынша, көз жұмғандар оның туыстары күйеуі мен қызы болуы мүмкін. Бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Белгілі болғандай, отбасы мүшелерінің бірі ұзақ уақыт бойы дәрігер қабылдауына келмегендіктен, медицина қызметкерлерінің күдігі туған. Дәрігерлер мекенжайға барған кезде ешкім есік ашпаған.

Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкеневаның айтуынша, үйлердің бірінде анасы мен кәмелетке толмаған қыз бала тұрған.

"Қазір бала ауруханаға орналастырылды. Кейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала ретінде Екібастұздағы Балаларды қолдау орталығына жіберу мәселесі қаралады. Табылған мәйіттердің бірі қыздың анасы", – деді Шәкенева.

Уәкілдің айтуынша, туыстарының қалауымен қыз бала балабақшаға бармаған.

"Қыз мектепте де оқымаған, өйткені оқу жылы басталғанда ол небәрі бес жаста болған. Қазір медициналық тексеріс бойынша дені сау, сырт көзге ешқандай ауытқу байқалмайды. Онымен балалар психологі жұмыс істеп жатыр", – деп қосты Сәуле Шәкенева.



Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысында көрші орналасқан екі үйден ұзақ уақыт бойы жатып қалған екі адамның мәйіті табылғанын жазған едік. Жантүршігерлің жайт туралы алдымен жергілікті пабликтер жазған. Ақпаратқа сәйкес, мәйіт Майқайың кентінен табылған. Табылған адамдардың бірі шамамен екі жыл бұрын, ал екіншісі бірнеше ай бұрын көз жұмған болуы мүмкін.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 17 Ақпан, 2026 11:54