Махмұд Сабырхан Азия чемпионатында жеңіліп, қола жүлдеге ие болды
Фото:ҚБФ
Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында Азия чемпионаты өтіп жатыр. Байрақты бәсекеде 55 келіде бәсекеде Махмұд Сабырхан жергілікті моңғол боксшысы Билгуунсайхан Хархуумен жұдырықтасты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтық сынға жолдама үшін тартыста Махмұд Сабырхан 5:0 есебімен Билгуунсайхан Хархууден жеңіліп қалды.
Нәтижесінде жарыс жолын аяқтап, Азия чемпионатының қола жүлдесін місе тұтты.
Махмұд Сабырхан қазақ боксының жарқын өкілдерінің бірі. Ол екі дүркін әлем чемпионы: 2023 жылы IBA нұсқасы бойынша және 2025 жылы World Boxing ұйымы аясында топ жарған. Сондай-ақ, 2024 жылғы Азия чемпионы.
Айта кетейік, бұған дейін 50 келіде жұдырықтасқан Санжар Ташкенбай үндістандық боксшыға жол берген. Ал 80 келіде Қазақстан атынан шыққан Ерасыл Жақпеков өзбекстандық Фазлиддин Еркинбоевтан жеңілген еді.