"Массажист іздейміз": Қазақстанда әйел Instagram арқылы қыздарды жезөкшелікке тартқан
Қостанайда қыздарды алдап жезөкшелікке тартқан әйел сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: depositphotos.com
Қостанай қалалық №2 сотында притон ұйымдастыру және жеңгетайлық фактілері бойынша қылмыстық іс қаралды.
Сот мәліметінше, сотталушы 2021 жылдың қазанынан 2023 жылдың мамырына дейін Instagram желісінде қыздарды массажист ретінде жұмысқа қабылдайтыны туралы хабарландырулар орналастырған.
"Хабарландыруына жауап берген қыздармен кездесіп, оларды жезөкшелікпен айналысуға шақырған. Бұл үшін айыпталушы К Қостанай қаласында пәтер жалдап, Telegram желісінде клиенттердің тапсырыстарын қабылдаған", – делінген сот хабарламасында.
Келісім сомасы шамамен 10 000 теңгеден 25 000 теңгеге дейін болған.
Сотта сотталушы өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін білдірді. Бұл жазаны жеңілдететін жағдай болып танылды.
Сот үкімімен әйел пайда табу мақсатында жеңгетайлық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 2 жыл 6 айға шартты түрде бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Сот үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін ішкі істер министрлігі эскорт қызметін ұсынатын Kyzdar.net сайтының неліктен жабылмағанын түсіндірген еді.