Қазақстанда маскүнемдер мен нашақорлардың саны артты ма, әлде азайды ма? - дәрігер-нарколог жауап берді
Қазақстанда 100 мыңға жуық адам наркологиялық есепте тіркелген. Мәселені елімізде енгізілген карантиндік шектеу шаралары ушықтырып тұр. "Свободные люди" емханасының бас дәрігер-наркологы Руслан Алиевтың айтуынша, карантин басталғалы ішкілікке салынған адамдардың саны арта түскен. Дәрігер сонымен қатар маскүнемдікке салынған адамдарға қалай көмектесу керектігі жайлы Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне айтып берді.
Маман өткен жылдармен салыстырғанда адамдар көбірек іше бастағанын айтады. Бірақ дәрігердің көмегіне жүгінетіндер де көп екен.
- Өткен жылдармен салыстырғанда ішімдікке салынған адамдардың саны азайды ма, жоқ па?
- Қазір тенденция мынадай, маскүнемдікке салынған адамдар біздің көмегімізге көбірек жүгінетін болды. Адамдар көбірек іше бастады. Тіпті, бұрындары алкогольді сусындарды көп ішпейтін адамдар да ішкілікке салына бастады. Осы тұста ішімдікке деген тәуелділік те ақырындап қалыптасады. Мұның бәрін орын алып жатқан стресске толы жағдайлармен байланыстыруға болады. Қазақстан бойынша қалай екенін білмеймін, алайда Алматы қаласында жаман әдетке үйір болып, ішімдіктің көмегімен шынайы өмірден безіп кетпекші болғандар көп. Ер адамдар ма, әйелдер ме - ол маңызды емес, өйткені маскүнемдік жынысқа қарамайды.
Сонымен қатар, соңғы жағдайларға байланысты көптеген адамдар жұмысынан айырылып қалды немесе онлайн-форматта жұмыс істеуде, ал ешқайда шықпай, төрт қабырғаға қамалған адамда тәуелділік білінбестен қалыптаса бастайды. Кейбір адамдар спирттік өнімдерді қолдану арқылы коронавирустан сақтануға болады деп ойлайды. Бұл барып тұрған ақымақтық, өйткені алкоголь бәрін ушықтырып, кез-келген вирустың, инфекцияның қозуын жоғарлатады. Сайып келгенде коронавирустың соңы маскүнемдікпен аяқталуы мүмкін. Қазіргі таңда бізге жүінетіндердің 85%-ы - маскүнемдікке шалдыққандар, ал ескірткіге тәуелді адамдар шамамен 15 пайызды құрайды. Бұл карантин басталғалы бері болып жатқан жағдай.
- Маскүнемдікке салынғандар қатарында әйелдердің саны көп пе, әлде ер адамдар басымырақ па?
- Не дегенмен ер адамдардың саны басымырақ, алайда өткен жылдармен салыстырсақ, әйелдердің де саны артып келеді. Мәселен, бұрын келген науқастардың 70%-ы ер адамдар болса, 30%-ын әйелдер құрайтын, ал қазір бізге келетіндердің 60%-ы - ерлер, ал 40%-ы - әйелдер.
- Әйелдердің маскүнемдіктен айығуы қиын деп жатады, бұл сөздер қаншалықты шындыққа жанасады?
- Әйелдер арасындағы маскүнемдік, ер адамдардікінен қатты ерекшеленбейді. Екеуінде де ауру бірдей өтеді. Алайда, әйелдер арасындағы маскүнемдік қиынырақ емделетіні рас, себебі олар наркологтың көмегіне өте кеш жүгінеді, аурудың екінші немесе үшінші сатысында келеді. Біріншіден, олар ер адамдар сияқты ашықтан-ашық іше бермейді, әйелдер жасырынып ішеді, көмек сұрауға ұялады. Екіншіден, әйелдер әлсіз алкогольді өнімдерді ішкенді ұнатады, мысалы, шарап, мартини. Көптеген жағдайларды әйел адамның масайып қалғанын байқау қиын. Ол ішіп алып, жұмысқа да баруы мүмкін, ал ауру біртіндеп күшейе береді, соңында ауру өрши түседі. Сондықтан әйелдерге реабилитациялық ем жүргізу қиынырақ.
- Маскүнемдіктің пайда болуының басты себебі қандай?
- Маскүнемдіктің қалыптасуына басты үш себеп бар. Ең бастысы, отбасындағы қиындықтар. Негізгі факторлардың бірі - ол әлеуметтік жағдай, қоршаған орта, адамның ортасы қандай, ол да өте маңызды. Егер оның қоршаған ортасында ішетін адамдар көп болса, оның да ішкілікке салынып кетуі әбден мүмкін. Екіншісі - тұқыммен берілу, бұл жерде маскүнемдікке салыну мүмкіндігі 50/50, егер ата-ананың бірі ішімдікке тәуелді болса, онда оның балалары да маскүнем болуы мүмкін. Соңғысы психологиялық фактор, яғни адамның қоғамдағы орнымен, стресске қарсы тұра алмауы және қандай да бір жағдайда психологиялық тұрғыдан мейілінше өзін ұстай алмауымен байланысты. Психоэмоционалды тұрғыда адамның мықты болуы өте маңызды. Мысалы, кейбір адамдар қиын жағдай туындағанда мықты бола түседі, одан әрі жұмыс істеп, белсенділігін арттырып, мәселені шешу үшін барын салады. Ал кейбірі стрессті жағдайлар мен қиындықтарда, демалып алайын деп, іше бастайды. Осы үш фактор маскүнемдіктің туындауында негізгі рөлді атқарады.
- Маскүнемдікке шалдыққан адамдарға қалай көмектесу керек, жақындары өз-өзін қалай ұстауы керек?
- Ондай адамдарға көмектесу үшін, олардың жетегінде кетпеу өте маңызды. Өйткені алкогольге тәуелді адам әуел бастан-ақ өзінің тәуелді екенін мойындамайды. Ол ешқашан: "Мен тәуелді болып қалдым, маған көмек керек, мен емделгім келеді", - деп айтпайды. Егер осындай мәселе туындаса, өздігінен емделуге болмайды, қандай да бір препараттарды қолдану тіпті қауіпті болуы мүмкін. Жаныңызда дәрігер болмай қалып, алкогольді көп қолданғаннан инфаркт, инсульт туындауы мүмкін, сондықтан аталмыш емді стационарда жатып қабылдаған жөн. Госпитализациядан кейінгі алғашқы этап - ағзаны тазартып, алкогольды масаюды жою, интоксикацияның деңгейін түсіру. Бұл тек бірінші қадам ғана, тазартудан кейін адам ішуін доғарады деп ойлау дұрыс емес, доғармайды, одан әрі іше беруі әбден мүмкін. Бұдан кейін обсессия басталады, ол дегеніміз ішуге итермелейтін түрлі ойлар. Бірінші қадамнан кейін, адамды одан әрі емделуге ынталандыру мақсатында мотивация беріледі, ол жерде психологтар, психотерапевтер мен түрлі мамандар жұмыс істейді. Мамандар адамды тұлға ретінде зерттеп, оның осал және мықты тұстарын анықтайды. Емделу уақыты 6-8 айды құрайды.
- Адамды күштеп, емделуге жіберу қаншалықты дұрыс?
- Егер адам өз еркімен емделуге келіспесе, оны мәжбүрлеп емдеуге, әрине, болады, алайда оның тиімділігі өте төмен, тіпті адам маскүнемдікке қайта оралуы мүмкін. Тағы да қайталаймын, егер адам өзінің маскүнем екенін түсінбесе, мойындамаса, оны мәжбүрлі түрде емдеудің құны - көк тиын, өйткені ол жаман әдетіне 100% қайта оралады. Мәжбүрлі түрде емдеу алты айға созылады, кейбір адамдар бұл уақыт өткен соң, емделгенін "атап өту" үшін ішіп жатқан кездер де болды. Бұл адамның әлі де өзін тәуелді сезінуінен туындайды. Мәжбүрлі емдеудің тек 4-5%-ы ғана жақсы аяқталады, мен мұны 36 жылдық жұмыс өтілі бар дәрігер ретінде сеніммен айта аламын. Емнің мәжбүрлі түрі адамды белгілі бір уақытқа ғана тоқтатады. Сондықтан мәжбүрлі емдеудің тиімділігі өте төмен. Алайда емдеудің бұл түрін кей жағдайда қолдану маңызды, себебі адамды құтқару керек. Мәжбүрлі емдеу науқастың жақындарының сұрауымен немесе сот шешімі бойынша ғана жүзеге асады, ал сот шешімді наркологиялық емхананың өтініш хаты негізінде шығарады.
- Ішімдік адамның қай мүшесіне аса ауыр зардап тигізеді?
- Алкоголь бүкіл ағзаға үлкен зардап тигізеді. Сізге бір мысал келтірейін, мәселен, жүкті әйелге дәрілік препараттарды қолдануға тыйым салынған, алайда бала орналасқан шарана оны кез-келген нәрседен қорғап тұрады, ол нешетүрлі инфекция, бактерияны балаға өткізбей, оны қорғап тұрады, тек бір нәрсеге ғана қарсы тұра алмайды, ол алкоголь. Айтпағым, ішімдік бүкіл ағзаны қамтып, әрбір жасушаға дейін зиянын тигізеді. Мысалы, 50 немесе 100 грамм арақ ішіп алсаң, 10-12 секундтан кейін оның әсерін сезе бастайсың. Ол асқазанға түсіп, қанға сіңіп, қан арқылы барлық ағзаға тасымалданады. Бірақ бірінші кезекте ол бауырға әсер етеді, өйткені ол алкогольді зарарсыздандыруға бар күшін салады. Соңынан бүйрек, орталық жүйке жүйесі, ми, жүрек-қан тамырлары жүйесі. Қан тамырларының жүйесі қатты зақымдалады, егер бұл жүйенің қызметі нашарласа, онда бүкіл ағзаның қызметі бұзылады.
Сұхбаттасқан: Сабина Нұрғали

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
