Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәскеулік қыз Батырхан Шүкеновтың әнін естігеннен кейін қазақ тіліне ғашық болған

Мәскеудегі зағип жандарға арналған мектеп-интернат оқушысы 18 жастағы Виктория Андреева Батырхан Шүкеновтың “Отан Ана” әнін естігеннен кейін қазақ тілін үйрене бастаған.

-

Бұл туралы “Эврика” хабарлайды.

Ол бірнеше жыл бұрын қазақстандық құрдастарымен желі арқылы сөйлесіп, біраз сөздер үйренген. Тіпті көңіліне ұнаған Қайрат Нұртастың әндерін де тыңдайды екен.

“Ал Батырхан Шүкеновтың әнін естіген кезде, менің өмірімде үлкен өзгеріс орын алғандай болды. Қандай сезімді бастан кешіргенімді айтып жеткізу қиын. Сиқырлы өлең. Сірә, ол адамның енді жоқ екеніне сене алмай туындаған сезім шығар. Батырхан сол әнде отанға деген сағыныштың барлығын сыйдыра алған. Міне, осыдан соң мен қазақ тілін үлкен махаббатпен үйрене бастадым”, – дейді Виктория.

Көзінің көру мүмкіндігінің нашарлығына байланысты, оған бірқатар сайттар арқылы тіл үйрену қиынға соққан. Ақыры, ол желіде отырып, өзіне қазақ тілін үйретуге құлықты ақтөбелік қызды тауып алыпты. Қазір ол өзі туралы қазақ тілінде еркін айтып бере алады. Бірақ, әлі де еркін сөйлеп, өлеңдерді аударып, қазақша кино көре алсам деп армандайды.

vskmny63xnc

“Мен ертегі кейіпкері Алдар Көсені білемін, Қыз Жібек туралы фильмді де тамашаладым. Музыкадан Әміре Қашаубаевты, Шәмші Қалдаяқовты, сосын әрине замануи эстраданы да тыңдадым. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқып шықтым. Маған қатты ұнады”, – дейді ол.

Ол қазақтардың мейірімділігі мен бауырмалдылығы интернет арқылы да сезіліп тұрады дейді.

“Қазақ тілінде ән шырқауды армандаймын. Басында тыңдап ғана көретінмін, ал қазір неге ән айтпасқа деп ойлана бастадым. Қазір бір ән тыңдап жазып қойдым, қалай шығарын көреміз”, – дейді Вика.

Мәскеулік қыз қазірдің өзінде Ақбота Керімбекова, Ерке Есмахан, Қарақат Әбілдина, Димаш Құдайбергенов, “Жігіттер”, “Заман”, “Меломен”, “Арнау” топтарын сүйіп тыңдайды.

Талқылау