Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маржан Арапбаева "Егіз-лебіз" жайлы: Жеңетінімізге сенімді болдым

Маржан Арапбаева "Егіз-лебіз" жобасында үшінші орын алғанына қатысты пікір білдірді. Ол жұбы Мейірғат Амангелдиннің талантты өнерпаз екенін атап өтіп, жеңістен үміттенгенін жасырмады. 

Бұл туралы ол Qasqa jol YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.

"Үш жұп та үміттенді. Жай, бұйырғаны болады деп тұрдық десем, өтірік болады. Әрине, мен күттім. Мейірғат маған алдын-ала: "Маржан әпке, үшінші орын алып қалсақ, ренжімеңізші, иә?" – деп айтты.

"Жындысың ба? Ондай әңгіме айтпа маған! Бізде тек қана бірінші орын болуы керек. 
Сенде 1 болуы керек. Сен сияқты кез келген әнді орындай беретін әншілер бұл жобада жоқ, – дедім", – дейді Арапбаева.

Бұл ретте Маржан қарсыластарын ренжіткісі келмейтінін, олардың бағыты бөлек екенін атап өтті.

"Жүсіп аға – сатирик, күлдіртеді, шоу жасайды. Ол кісі жасайтын шоуды біз жасай алмаймыз. Біздің бағытымыз басқа. Әншілік, вокалдық жақ", – дейді әнші.

Алайда ол актер Мейірғат Амангелдиннің жеңіске лайықты жұп болғанын атап өтті.

"Ол күлдірте де, жылата да алады. Ол – актер. Рэп айтады, ағылшын, француз, кез келген әнді, тілді білмесе де, қорықпай айтады. Оның алдында ешқандай кедергі, барьер жоқ. Мейірғаттың мүмкіндігі өте зор, халық көрсе, бағаласа, бірінші орын алуымыз керек деп сенімді болдым. 

Үшінші орын деген кезде Мейірғатқа қарап қалдым. Ол да маған "айттым ғой" дегендей қарады", – деп еске алды ол.

Айтуынша, жобадан кейін ол Мейірғатқа қолдау білдірген, алайда актердің еш еңсесі түспеген. Қайта жобаға қатысқанына, көп жанкүйер тапқанына қуанып кеткен.
 

Назгүл Әбушәріпқызы
Бейсенбі, 01 Шілде, 2021 07:02
Талқылау